Fitch Ratings Bank RBK-ға "BB" ұзақ мерзімді рейтингін берді, болжам – "Тұрақты"

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі "Bank RBK" АҚ-ға "BB" деңгейінде эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингін (IDR), "bb" деңгейінде өміршеңдік рейтингін (VR), сондай-ақ "A(kaz)" ұзақ мерзімді ұлттық рейтингін берді. Рейтингтер бойынша болжам – "Тұрақты".
Агенттіктің баспасөз хабарламасында айтылғандай, банктің рейтингтік бағалары оның капиталдандыру деңгейінің жеткілікті болуына, өтімділігі мен активтер сапасының жақсы болуына, сондай-ақ жоғары табыстылығына байланысты берілген.
Рейтинг агенттігінің деректері бойынша, Bank RBK-ның активтері таза кредиттер (2025 жылдың аяғында 54%) мен негізінен өтімділігі жоғары активтерден тұратын кредит емес активтер арасында жақсы теңдестірілген.
Сондай-ақ, Fitch Ratings өз талдауында Bank RBK өзінің кіріс базасын әртараптандыру үшін бөлшек сегменттегі қызметін кеңейтетінін де назарға алды.
Агенттік банк секторы бойынша орташа көрсеткіштен төмен орналасқан Bank RBK-ның проблемалық кредиттерінің орташа деңгейін, сондай-ақ проблемалық қарыздардың резервтермен жоғары деңгейде жабылатынын атап өтті. Fitch 2026 жылы активтер сапасының қалыпты жақсаруын болжайды.
"Жоғары табыстылық: соңғы екі жылда Bank RBK-нің шығындарды жабуға арналған резервтерді есепке алмастан бұрынғы операциялық пайдасы айтарлықтай өсіп, 2025 жылы орташа несие көлемінің 9,1%-ына жетті (2023 жылы - 6,9%). Бұған жоғары маржа, валюталық операциялардан түсетін тұрақты әрі елеулі табыс және шығындарды қатаң бақылау ықпал етті", – делінген.
"Fitch Ratings-тің тұрақты болжамымен "BB" деңгейіндегі рейтингті алу Bank RBK бизнес-моделінің тұрақтылығын және біздің өсу стратегиямыздың тиімділігін растайды. Біз негізгі сегменттерде өз позицияларымызды біртіндеп күшейтіп, активтердің сапасына, тәуекелдерді салмақты басқаруға және кіріс көздерін әртараптандыруға көңіл бөлеміз. 2026 жылы біз клиенттер мен серіктестер үшін тұрақтылық пен ұзақ мерзімді пайдаға баса назар аудара отырып, корпоративтік және қамтамасыз етілген бөлшек кредиттеуді дамытуды жалғастырамыз", - деп Fitch Ratings-тің рейтингтік шешіміне Bank RBK Басқармасының төрайымы Наталья Акентьева түсініктеме берді.
Bank RBK басшысы атап өткендей, Fitch Ratings банкке кредит рейтингін берген екінші халықаралық рейтингтік агенттік. Бұл - банктің ашықтығын және оған деген сенімді одан әрі күшейтеді.
Айта кетсек, Bank RBK 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша коммерциялық банктер арасындағы несие портфелінің көлемімен 6-орынға, капиталы бойынша 7-орынға, активтері бойынша 8-орынға тұрақтады.
2026 жылдың 1 қаңтарында "Bank RBK" АҚ активтері 2 727 млрд теңгені құрады, жылдық өсім - 11%, несие портфелі - 1 565 млрд теңге, 2025 жылдың басынан бастап өсімі - 41%.
Банктің 2025 жылғы таза пайдасы 64,2 млрд теңге болып, бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңдегі 56,5 млрд теңгеден 13,6% өсім көрсетті.
* ҚНРДА-мен берілген 2021 ж. 05 сәуірдегі № 1.2.100/245/41 лицензия.