EXPO кезінде салынған павильондар бес жыл бойы шығынға ұшырап келген
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев EXPO объектілерінің былтырдан бастап толығымен өзін-өзі қамтамасыз ететін шығынсыз деңгейге жеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: 2gis.kz
Мәжіліс депутаттарының сұрағына жауап берген министр QazExpoCongress Ұлттық компаниясының шығынсыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді. 2023 жылдан бастап компания толығымен өзін-өзі қамтамасыз ететін шығынсыз деңгейге көтерілген. Сол жылы пайдалану шығыны 11 миллиард теңге болған және оны компания өз есебінен жасады.
“Квазимемлекеттік сектордың мүмкін болатын ұйымдарын жеке қолға беруге қатысты экономикалық орындылыққа сүйену керек. Егер нарық бойынша осы алаңдардың барлығын "Астана Хаб" алғанда 4 миллиард теңге төлейтін еді. Ең бастысы – объектілердің технологиялық байланысы, бірыңғай аумақ пен инфрақұрылым. Нысандарды бөлу шығынның айтарлықтай өсуіне әкеледі. Сонымен қатар ұйымдардың бәрінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен қызметін жүзеге асыруға рұқсат алуы екіталай. Ұлттық компанияның басқаруында болу осы аумақта басқарудың ең оңтайлы әдісі”, – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.
QazExpoCongress ведомстволық бағынысты ұйымының негізгі міндеті – EXPO аумағында орналасқан объектілерді тиімді басқару.