Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еңбек кітапшасы керек пе – Министр қазақстандықтарға нақты жауабын берді

Еңбек кітапшасыФото: edu.mcfr.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек кітапшасына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер министрге кейбір жұмыс берушілер неге әлі күнге дейін еңбек кітапшасын талап ететінін айтып, осының дұрыс-бұрыстығын сұрады.

"Бұл ескіден бәріміз бірге арылуымыз керек. Бүгінде жастар үшін еңбек шартына қол қойып, оны Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне электронды түрде тіркеп, зейнетақы жарналарын аудару жеткілікті. Себебі еңбек өтілі сіздің зейнетақы жүйесіне қатысуыңыз арқылы есептеледі", – деп жауап берді Светлана Жақыпова.

БАҚ өкілдері "Демек, құжаттың болмауына байланысты уайымдаудың қажеті жоқ қой?" – деп нақтылап сұрады.

"Жоқ", – деп жауап берді министр.

Ал денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанда қағаз түріндегі еңбекке жарамсыздық парағын толықтай электронды нұсқаға көшіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. 

Министрдің айтуынша, тиісті бұйрыққа қол қойылған және ол кезең-кезеңімен медициналық ұйымдарда іске асырыла бастаған.

"Әрбір азамат өзінің еңбекке жарамсыздық парағын онлайн талап етуге толық құқылы. Қазір қолданыста қағаз түріндегі және электронды түрдегі екі нұсқасы да бар. Енді өтпелі кезеңді біртіндеп аяқтап, есепке жарамсыздық парағын тек онлайн беруге көшуіміз керек. Бұл үшін белгілі бір уақыт қажет. Бірақ заңнамалық және нормативтік тұрғыда мұның бәрін бекіттік", – деді Ақмарал Әлназарова..

Министр қазірдің еңбекке жарамсыздық парағын электронды түрде алуға болатынын атап өтті, себебі бұл функционал медициналық ақпараттық жүйелерге толық енгізілген.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 16:10
Талқылау