Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ескертуге қарамастан жағдай жақсармай отыр": Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын сынға алды

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласына іс-сапармен келді. Облыс тұрғындарымен кездесу барысында президент “АрселорМиттал Теміртау” АҚ-дағы 5 адамның өмірін қиған апатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев Миттал

Тоқаев 2006 жылдан бастап металлургия комбинатында 20-дан аса апат болып, 100-ден аса қызметкердің көз жұмғанын айтты. 

“Өкінішке қарай, "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты”, – деді ол.

Президенттің айтуынша, компанияға мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалған. Дегенмен жағдай әлі жақсармай отыр, дейді ол.

“Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының  сақталуына мән берілуге тиіс. Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі”, – деп қосты мемлекет басшысы. 

Талқылау