Маңғыстауда есірткі тасымалдаған полиция басшысының ұлына қатысты үкім өзгеріссіз қалды
Маңғыстау облыстық соты 26 жастағы Нұржан Арыновқа қатысты шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті / Талғат Арынов
Мәліметтерге сенсек, сотталушы Қылмыстық кодекстің 297-бабы "Психотроптық заттардың ірі көлемде заңсыз сақталуы және сатуға дайындау" ісі бойынша айыпты деп танылған. Нұржан Арынов – Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Талғат Арыновтың ұлы.
2024 жылдың 15 мамырында Маңғыстау облыстық соты Арыновты кінәлі деп тауып, оны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Айыптаушылар ұсынған дәлелдер қатарына рюкзактан табылған электронды таразы, металл қасық, скотч, изолента, фольга және 43 грамм психотроптық заттар жатқызылды.
Алғашқы сот отырысында қазылар алқасы күдіктіні ақтап, оны босатқан еді. Алайда маусым айында апелляциялық сот шешімді қайта қарап, тергеуді қайта бастады. Қайта қаралған сотта қазылар алқасы күдіктіні кінәлі деп танып, 10 жылға соттады.
Нұржан Арыновтың қорғаушылары апелляциялық шағым түсіріп, үкімнің заңсыз екенін, дәлелдердің негізсіз қолданылғанын айтты. Бірақ сот алқасы бұл шағымды қабылдамай, үкімді күшінде қалдырды.
Айта кетейік, таяуда президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі тасымалына қатысты кейбір заңбұзушылықтар үшін жазаны жеңілдететін заңға қол қойды. Бұл заңға сәйкес, Нұржан Арыновтың жазасы қайта қаралып, қысқаруы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының полиция полковнигі Талғат Арыновтың ұлы Нұржан Арынов есірткі сатқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын жаздық. Іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.