Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз": Тоқаев Дубайда додаға қатысқан күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Президент марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, биыл Дубайда өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан қатысқан 12 команданы құттықтады.

“Ішкі істер министрлігінің "Сұңқар" және "Томирис" командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.

Елдің атын ер шығарар" деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы орайда ел тыныштығын күзеткен арнаулы қызметтер мен күштік құрылымдардың атқарған істеріне тоқталды.

“Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жиырмадан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. Екі террорлық актінің жолын кесіп, қаскөйлерге тосқауыл қойды. Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды. Екі миллиард теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Кейінгі үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп. Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашанда Отан алдындағы антына адал”, – деді ол.



Президент қазір кейбір мемлекеттер, тіпті алпауыт елдер сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатқанын мысалға алып, Қазақстан дәстүрлі әрі заманауи құндылықтарды тең ұстайтын прагматизмге әлдеқашан бет бұрғанын жеткізді.

“Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, офицерлердің қызметіне сәттілік тіледі және оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Талқылау