Есентаеваның «Лашыны» Грузияда түсірілген бейнебаянның тұсауын кесті (фото, видео)
«Лашын» дуэтінің «Үндеме» атты бейнебаяны жарыққа шықты. Видео Грузияның астанасы Тбилисиде түсірілген.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Осыдан үш ай бұрын «Лашындық» Элизат пен Сара өнердегі «аналары» Баян Есентаевамен бірге Грузияның әсем де көркем астанасына аттанған еді. Жай барған жоқ. Тыңдарманына кезекті сапалы дүние ұсыну мақсатын көздеді. Ал мақсатына жете алды ма, жоқ па, оны халықтың берген бағасынан білетін боламыз.
Күні кеше YouTube желісінде пайда болған видеоны 20 мыңнан аса адам тамашалапты. Алайда пікір қалдырғандардың ойы бір жерден шықпады. Кейбіреулер туындыға «5» деген баға берсе, енді біреулер мұндай бейнебаянды түсіру үшін Грузияға аттанудың қажеті шамалы болғанын алға тартты.
Ал Айза Мырзалиева есімді желі қолданушысы нағыз кәсіби мамандар ұқсап, қыздардың артықшылықтары мен кемшіліктерін тізіп берген. Зер салайық:
«Артықшылықтары: өте көркем және көңілді бейнебаян; шетелде түсірілгендіктен қымбат дүние екені белгілі; Сараның рэп оқығаны; Элизаттың дене бітімі. Ал кемшіліктері: «Үндеме» сөзінен басқа ештеңе есте қалмайды; бейнебаян қымбат тұрғанымен, арзанқол дүние көрінеді; сол уақытта Баян Мақсатқызы басынан өткерген оқиғаға мына бейнебаян татымайды; сюжет дұрыс емес; стильдеріңіз онша емес; Сараға арықтау керек».
Айзаның Баян Есентаеваның басынан өткерген жайы туралы сөз қозғағаны бекер емес. Өйткені дәл осы сапардан оралғаннан кейін ол күйеуінің соққысына жығылған еді.
Айтпақшы, Айзаның пікіріне қосылғандар көп. «Мұндай бейнебаянды Қазақстанда да түсіруге болар еді», «Грузияда түсірілгендіктен көп үміт күтіп едім, алайда тым қарапайым секілді», «Өлеңде ешқандай мағына жоқ», «Өлең жақсы, ал клип онша емес», – дейді желі қолданушылары.
Есесіне «Лашынға» қолдау көрсеткендер: «Клип супер», «Маған ұнады, екеуі де жарасып тұр», «Тамаша жұмыс», «Жарайсыңдар», «Элизаттың даусы керемет», – деп пікір білдірген.
Жіберіп алмаңыз:
Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия Баян Есентаеваның сөзіне қатысты пікір білдірді
Мәдина Балғабаева Баян Есентаева туралы жаңалықты еркінен тыс жариялағанын айтты