Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есен Елеукенге өкпелегенім рас": Хамит Ердехан Жайдарманнан КТА-ға кету себебін айтты

Шығармашылығын "Жайдарманнан" бастап, қазір "КТА"-ның "ҮЗДІК АКТЕРІНЕ" айналған Хамит Ердеханме Stan.kz тілшісі арнайы сұхбаттасып, бұрын-соңды ешкімге айтпаған сырларын білді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Хамит, шығармашылықтан әңгімені бастайықшы. Қазір не істеп жүрсіз? 

Қазіргі таңда шығармашылық дейтіндей қарқылдатып жатқан ештеңеміз жоқ. Мына таңда шығармашылығымыз күн көру, көн көрісіміз шығармашылық боп қалды ғой. Осы жылы КТА да тағы да бақ сынаймыз, ашығы керек. Алла жазса биыл біздің маусым шығар енді. Өткен маусымда жылдың үздік ойыншысы болдым, шүкір. Былтырғы шығармашылықтың шыңы сол болды. Ал өзімнің жан дүниемдегі тоғысқан сезімдермен ғасыр өксігінен туындайтын ойларымды шығармашылыққа балаған емеспін.

Бір кездері әзіл театрында ойнаған едіңіз. Ал, қазір сондай әзілдің ордасына оралу жоспарда жоқ па? 

Біраз жоспарлар бар, КТА-ның тағы да бір пайдасы, өз командамды қайта жасақтадым. Маған маңыздысы ауызбіршілік, ынтымақ, татулық, осы саймандарымыз сай болса, қазақ өнерінде әлі біраз шайқасармыз бұйыртса. Ал өткен күндерде театрда да ойнадық, тележүргізуші де болдық, мұның бәрі шығармашылық сабақ пен тәжірбие. 

Сіз туралы "Есен Елеукенге өкпелі. Жайдарманды емес КТА ерекше бағалайды деген" сыбыс қаншалықты рас? 

Мен Алматы Жайдарман филиалы директоры болып 4 жыл жұмыс жасадым... Иа жұмыс болған соң, бастыққа деген онша-мұнша түсінбестік өкпелер болды. Мен өзім барлығын жүрекке қабылдайтын адаммын. Кейбір жерлерде, кейбір мәселелелерде Есен ағаға ренжігенім рас. Енді әркімнің өз шындығы бар ғой. Ол өтті, көбі балалықтан бықсыған өкпелер де шығар. Ал қазір оған өкпем жоқ, керісінше, ол кісінің қасында қызметте жүрген кездерім менің жастық шағымның жалынды шақтары болып есте қалады. Аллаға шүкір КТА сахнасында болсын, оның сыртында болсын, бәрі жақсы, еңбекке сай сый!

Жайдарман және КТА,  Есен Елеукен және Тұрсынбек Қабатов.  Сіз үшін қандай айырмашылық бар, несімен ерекшеленеді? 

Жайдарман да ойнадым, КТА да ойнадым… Шахановша айтқанда:  "Өтіп жатыр өтуде замандарым, құпиям көп ұқпаған түсінбеген…" Әр адам өз заманына мінгескен жолаушы. Әр кезең өз уақытымен ғана қымбат. Кешегі Есен ағам деп ағымнан жарылып жүрген жанды, бүгін келіп сыртынан сөз сермеп отырсам, қазақ жігітінің ісі бола ма сол?! Есен аға да жақсы, Тұрсынбек ағамыз да жақсы. Ешқайсынан зұлымдық көргем жоқ. Оларды салыстыратындай өмір өлшемі менің қолымда емес қой. Ерекшеліктері Тұрсынбек аға ашық, жарастырып, құрдасындай қалжындаса кетеді, әңгімелесе кетеді. Ал Есен аға жұмбақтау жан ғой негізі, күліп отырып ашуланып қалғанын аңғармай қаласың. Кез келген жігіттің сыры жүрегінде ғой, сондықтан да ерекшеліктер көп деп ойлаймын.. КТА бұл менің шабытымның қайта шарықтаған кезі, сол үшін бұл ойын маған ыстық...

Қазір екі баланың әкесісіз. Әке болу қандай сезім? Қаншалықты бала қарауда әйелге көмектесесіз? 

Жүрегімдегі айтып жеткісіз бал сезім ғой бұл әкелік махаббат деген. Дүниенің тамашасын қошақандарымның қуанышынан ғана көретіндеймін. Мен келіншегімнің, перзенттерімнің бақытты шағын көру үшін ғана өмір сүремін. Көбіне екі қошақаным бүлдіріп қойғанда келіншегімді күтпей өзім жуамын, себебі шыдай алмай кетемін, тура бір өз денемде нәжіс тұрғандай болады... Мен кез келген жағдайда көмектесемін келіншегіме. Мен оған бүйтіп көмектесем, сүйтіп көмектесем деп көпіретін ештеңем жоқ, асылында ол-мен, мен-ол. Өз өзіме көмектесемін.

Шымкенттіктер әйелді ұрып бағындырады деген қатып қалған түсінік бар. Қаншалықты шындыққа жанасады? 

Жоқ ондай қағида жоқ. Шығарып жүргендер сынық сана, мүгедек милар шығар. Жердің қай бедерінде жүрсең де әйелге жасаған әр амалың үшін сұраласың ертең. Ақиқатты түсінген кез келген еркек мұны жүрегінің төріне таңбалап қою керек! Еркек әйелге қол көтерген күні тағдырына балта шауып, өз өзін өтірік толы өлкеге жетеледі деген сөз. Махаббаттан мақұрым қалып, сезімсіз өлі денені босқа көтерумен күн өткізеді деген сөз. Өйткені соғыс бітсе де, соғыста алған жара ешқашан бітпейді деген сөз бар. Сол сияқты кейін өтірік, мәймеңкүлесіп қайта татуласып алғаныңмен жүректе қалған бір сызат болады бәрібір. Нәзік жандылар батыр ғой жарықтық, білдірмей, ұмытуға тырысады,бірақ жүрекке қой деп айтуға бола ма?! Сондықтанда сүйем-күйем деуің өтірік бір қол жұмсаған соң… Мен шариғатты қозғамай қарапайым дүние таныммен жеткізуге тырыстым. 

Шымкенттіктер деп бөлудің қажеті жоқ, кез келген әйеліне қол көтеріп, нәзік жандының нәзік жанын таптаған еркек сезімсіз, сасыған өлі кеудені көтеріп күн кешуші, бейшаралар, басқа баламам жоқ менің. Қазақта әйелін ұрып ешкім батыр атанбаған!

Өзіңіз әйелге қол көтеруді қолдайсыз ба? 

Жоқ. Қолдамаймын әрине. Әйелдер көп жағдайда сенімен бір байламға келе алмай кейкілжіңге келуі мүмкін... Батыр еркектің бойында білексіз-ақ бағындыратын күш табылады...

Әйел еркіндігі мен теңдігі дегенді қалай түсінесіз? 

Әйел еркіндігі деген ол енді әйелдің өзіне байланысты. Әйел адам өз күйеуіне бар болмысымен бағынып, сол сызған шеңберден шықпай жүрсе ғана еркіндікті сезіне алады… Бағынбай шектен шыққан күні шайтанның арбауына ұрынады, сосын жүреді әркімге ақыл айтып, данышпан болып, айтарына сай келмей. Осылай өз теңдіктерін өздері жоғалтады. Әйел теңдігі деген сандалған сайқал европа жақтардан келген сасыған ой негізі. Біз қазақ білеміз әйелдің кім екенін және қалай сыйлау керектігін... Бес саусақ бірдей еместігін еске сала кетейін.

8 Наурызда бір топ қыз-келіншектер қара киініп, алаңға шықты:  "әйелдерді ұруға жол жоқ"," келін күң емес"деген сияқты ұрандады.  Сіздің пікіріңіз қандай? 

Жүректе иманның жоқтығы. Жалғанның ақиқатын түсінбегендіктерінде шығар… Білмеймін… Бір-ақ нәрсені білемін, әйел өз үйінде  әп-әдемі болып қана өз тіршілігін жасап отса ғана сұлу ғой…

Инстаграм қаншлықты табыс әкелуде? Бір жарнама құны қанша? 

Оны бір табыс деп қабылдамаймын. Инста арқылы көп қазақ жастарымен сырласамын, сұхбаттасамын. Дұрыс дүниелер айтып, жас өскінге пайдам тиіп жатса, осы бір тұсы пайда маған.

Өзіңіздің бизнесіңіз бар ма? Негізгі табыс көзі қайдан келеді?

Табыс көзі- асабалық қой. Аллаға шүкір халқымның сұранысындамыз әйтеуір. Әзірге бизнес жоқ. Өйткені тапқанымның бәрін үй алуға жұмсадық осыған дейін…

Хамит Ердехан бір күнде қанша ақша жұмсайды? 

Білмеймін шыны керек, қазір күнделікті тіршілікке қажеттілерді ғана қамтимыз ғой. Баяғы бойдақ күндердегі көзсіз қызығушылықтың құрбаны болған ақшалардың шашылуы доғарылды. 

Талқылау