1 миллиард теңге жымқырды деп айыпталған бұрынғы спорт вице-министрі Қожағапановқа сот үкімі шықты
Фото: primeminister.kz
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 1 миллиард теңге жымқырды деп айыпталған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзоваға үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерлан Қожағапанов SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған. Экс-шенеунікке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы (Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану), ал Көккөзоваға Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылған еді. Сот шешімімен Қожағапанов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды және оған басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Сонымен қатар сот оны мемлекеттік наградаларынан айыру және қамауда болған уақытын жалпы жаза мерзіміне қосу туралы қаулы шығарды.
Ләззат Көккөзова бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған жеті жыл бойына қандай да бір басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды. Қамауда болған уақыты да жаза мерзімі ретінде есептеледі.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қожағапановты жеті жылға, Көккөзованы сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Алайда сот жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, жеңілдетілген жаза тағайындады.
Еске салсақ, Қожағапанов былтыр наурыз айында ұсталған.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
