"Еркектер қол ұстасып қыдыруына болады": Депутат ЛГБТ насихатына не жатпайтынын айтты

Фото: news.sky.com
Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ өкілдері тарапынан өзіне және әріптестеріне ақпараттық шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін Мәжіліс депутаттары елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін түзетуді мақұлдады. Заң норманы таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-қоғамдастықты "қасиетсіз топ" деп атады.
"Бұл қасиетсіз қауым еліміздің киелі шаңырағында өзін еркін сезініп, ұлттық құндылықтарды аяқасты етіп жүр. Олар тіпті халқымыздың фольклорында гомосексуализм бар деп екенін айтуда", - деді ол.
Депутаттың айтуынша, ЛГБТ өкілдері оның және басқа да бірқатар депутаттардың атына ақпараттық шабуыл ұйымдастырған.
"Олар тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз насихат жүргізді. Кейін мені, Асхат Аймағамбетовті, Жанарбек Әшімжанды, Ардақ Назаровты, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Бізді кемсітті, мазақ етті. Арнайы материалдар әзірлеп, таратты. Бұл өрескел әрекет, заңнамалық орган қызметкерлеріне қысым көрсету әрі адам құқықтарын бұзу", - деді Жаңбыршин.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде ашық мазмұндағы материалдар таратылып, қоғамды азғындыққа шақыратын контент насихатталуда.
"Бүгінге дейін ЛГБТ және радикалды феминистік топтар ұлттық құндылықтарды күйрету мақсатында шетелден миллиондаған қаржы алып отыр", - деді ол.
Жаңбыршин Қазақстан да АҚШ секілді дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғайтын Женева декларациясына қол қойғанын айтты. Оның айтуынша, осы декларация негізінде АҚШ президенті Дональд Трамп бір жынысты некені шектеп, тек ер мен әйел одағын заңды түрде мойындау туралы жарлық шығарған.
"Халықаралық ұйымдар Жоғарғы сотқа шағымданған, бірақ сот Трамптың шешімін заңды деп таныды. Демек, тіпті Америка да ЛГБТ мен трансгендерлікті қоғамға жат құбылыс ретінде мойындаған. Бұл туралы менде ресми құжаттар бар", - деді депутат.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, ЛГБТ насихатына тыйым салу кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтқандай адам құқықтарын бұзбайды.
"Керісінше, бұл түзетулер отбасылық институтты қорғайды, балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан сақтайды, ұлттық қауіпсіздік пен рухани иммунитетті күшейтеді", - деді ол.
Биыл депутаттар бұл бастаманы қайта көтеріп, ЛГБТ насихатын заңмен тыйым салу жөніндегі түзетуді архив ісі туралы заң жобасына енгізуге шешім қабылдады. Егер бұл норма қабылданса, Қазақстанда ЛГБТ тақырыбын қамтитын кез келген фильмдер, жарнамалар мен әлеуметтік желідегі материалдар заңсыз деп танылуы мүмкін.
ЛГБТ насихатына тыйым салуға бастамашы болғандардың бірі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев нақты не насихат болып саналады деген сұраққа жауап берді.
Депутаттың айтуынша, ЛГБТ өкілдері өз сезімдерін ашық білдірсе, бұл заң бұзу болып саналмайды.
"Жеке шекара және жеке құқық деген ұғым бар. Бұған тыйым салынбайды. ЛГБТ-қоғамдастыққа Қазақстанда өмір сүруге ешқандай шектеу жоқ", - деді Бейсенбаев Мәжіліс кулуарында.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, ЛГБТ өкілдерінің өмір салты немесе өз сезімдерін білдіруі емес, қоғамға мақсатты түрде әсер етуге және өз өмір салтын қолдауға шақыратын әрекеттер насихат болып саналады.
"Олар қоғамды өздерін қолдауға шақырып, “бізге қосылыңдар”, “бұл жақсы нәрсе” десе, бұл насихаттау болып есептеледі. Олар да қоғамның бір бөлігі, бірақ егер осындай үндеулер жасаса, міне, сол кезде бұл насихатқа жатады", - деп нақтылады депутат.
Сонымен қатар, депутат олардың қоғамдық орындардағы әрекеттері насихатқа жатпайтынын айтты.
"Мысалы, егер олар саябақта қол ұстасып жүрсе, бұл насихат емес. Бұл олардың жеке шекарасы, бұл жерде ешқандай сұрақ туындамайды", - деді Бейсенбаев.
Заманбек Нұрқаділовтің қаза болғанына 20 жыл: Саясаткердің өзі мен өлімі туралы не белгілі