Ережесіз жекпе-жек спортшысын аяусыз ұрған: Хасан Қасымбаевтың не үшін ұсталғаны белгілі болды (видео)
Талғарда "Хутор" бандасының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаевтың не үшін ұсталғаны белгілі болды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, ұрып соқты деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
2021 жылдың маусымында Талғарда ер адамды топпен ұрып-соғып жатқаны туралы видео тарады. Сипаттамада жәбір көрген адамның ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов екені атап өтілді.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, алдымен оны бір топ адам өнеркәсіптік комбинат ауданындағы "Виктория" минимаркетінің алдында ұрып-соққан. Кейін Кеңдала кентінің маңындағы каналға апарып, ес-түссіз екеніне қарамастан тағы ұрған. Одан әрі ауыр жағдайда Талғар орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Кейін оған тағы қысым көрсетпеу үшін оны Алматы медициналық мекемесіне ауыстырған.
Осы жайтқа байланысты Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен сотталған бес күдікті ұсталды. Бүгінде олар бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуді жалғастырып жатыр.
Еске салсақ, "Хутор" бандасының жетекшісі деген Хасан Қасымбаев ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың өліміне "Хутор" бандасының қатысы бар деген ақпарат тараған. Алайда Хасан Қасымбаев өзінің бұл істе кінәсіз екенін айтып, үндеу жасады.