Ердоғанның басты қарсыласы Кемаль Кылычдароглу президент сайлауын ел тарихындағы ең әділетсіздерінің бірі деп атады
Түркия президентінің қарсыласы Кемаль Кылычдароглу өткен президент сайлауын ел тарихындағы ең әділетсіздерінің бірі деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақтастарының алдында сөз сөйлеген Кылычдароглу дауыстың әділетсіз саналғанын айтып, "авторитарлы жүйені" ауыстыру үшін әрі қарай күресетінін мәлімдеді.
"Маған дауыс берген 25 миллионнан астам азаматтың күшті болып қала бергенін қалаймын. Біз осындамыз, біздің марш жалғасады. Мен сіздер үшін үнемі күрескенмен, жалғастыра беремін де. Біз демократия үшін күресуді жалғастырамыз және бұл күреске сіздердің де қатысуларыңызды сұраймыз. Қазір бір адамның бізді демократиялық құндылықтардан айырғанын көріп отырмыз", – деді саясаткер.
Кылычдароглу Түркияда "демократия шын мәнінде үстем болмайынша" күресе беретінін қосып өтті.
28 мамырда Түркияның жоғарғы сайлау комиссиясының басшысы Ахмет Йенер президент сайлауының екінші кезеңінде Реджеп Тайып Ердоғанның жеңіске жеткенін хабарлады. Ол 52% дауыс жинаған. Ал Кылычдароглуға сайлаушылардың 47,86%-ы дауыс беріпті.