Ninety One продюсері: Ерке мен Азаматтың кездесіп жүргенін білгенде өзім де таңғалдым
Әйгілі Ninety One тобының продюсері Ерболат Беделхан Ерке Есмахан мен Азамат Зенкаевтың ара қатынасы жайлы пікір білдірді. Азаматтың топтан кетуіне махаббат мәселесі себеп болған ба? Топ продюсері осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.
Бұл туралы "Ревю" бағдарламасында айтылды.
Ерке Есмахан мен Ninety One тобының экс-мүшесі Азамат Зенкаев көңіл қосты. Мұны Еркенің өзі мойындады. Екі әнші бір-бірінің жазбасына да еркін пікір жазып, желі қолданушыларының қызығушылығын арттырды.
"Стиль арыстан, өзім ғарыштан", - деп жазды Азамат Зенкаев желіде.
"Қазір инста жарылад, жарылыс болғандай Арыста", - деп жалғастырды Ерке Есмахан.
Ал Ерболат Беделхан Азаматтың топтан кетуіне Еркемен қатынас кедергі болған жоқ дейді.
"Мен Азаматтың Еркемен кездесіп жүргенін де білмейді екенмін. Мен жақында ғана естідім. Азамат Ninety One тобының балаларымен араласады. Олар әлі де бауыр, дос. Солардан сұрағанымда екеуінің кездесетінін айтты. Ал Азаматтың топтан шығуына Ерке кедергі болған жоқ. Басқа жағдайлар себеп. Біз ұзақ жылдар бойы осыған келдік. Ұрыс болды, қақтығыстар болды деп айтады. Бірақ Азаматтың топтан кетуі өзінің қалауы. Біріншіден шығармашылық тоқырау болды. Оған психологиялық тұрғыда дайын болмады. Екіншіден өзі өмірден шаршадым деді. Мен біраз уақыт бердім. Үзіліс алып демалып көр дедім. Топтан шықпай-ақ өзіңе кел дедім. Бірақ өзі қаламаған соң мен оны ұстамадым", - деді продюсер.
Ерболат мырзаның айтуынша, әнші мен продюсер арасында ешқандай дау болмаған. Келісімшарттың бұзылғаны үшін де әнші өтемақы төлемеген екен.
"Талап орындалмады деп өтемақы талап еткен жоқпын. Маған ондай керек емес. Мен оған өзінің брендке айналған есімін де, әндерін де өз еркіне беріп жібердім. Оған дейін бәрі маған тиесілі еді. Мен ешкімді күштеп ұстамаймын. Кетем деген адамды еркіне жіберем. Себебі адамда еркі болу керек. Ал Еркемен қатынасы туралы ешнәрсе айта алмаймын. Өз өмірі - өзі біледі", - деді Беделхан.
Айта кетейік Ерболат Беделхан қазақстандық Orda музыкалық тобының мүшесі, Ninety One тобының продюсері. Жақында әлемге әйгілі BBC агенттігі қазақстандық Ninety One тобы туралы жазды.
Продюсердің айтуынша, шетелдік агенттік Ninety One тобын шетелдік жанкүйерлері арқылы естіп білген.
"Біздің шетелдік жанкүйерлеріміз көп. Шетелде фан-базарлар бар. Сол арқылы шетелдік БАҚ біз туралы естіген. Оларға топ қана емес, Q-pop жанры, әннің қай тілде айтылып жатқаны қызық. Q-pop деген - қазақтың танымал әні дегенді білдіреді. Бұл қазақтың әні", - деді ол.