Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ер адамдар беттерін орап, әйелдерге қызмет етеді": Ислам дінін ұстанатын матриархалды халық туралы не белгілі

Фото: Getty Images

Әлемде ислам дінін ұстанатын, алайда ер адамдар беттерін орап, әйелдерге қызмет ететін көшпелі халық бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Holod.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Туарегтер – Сахара шөлінде өмір сүретін жартылай көшпелі халық. Олар ислам дінін ұстанады. Бірақ олардың сенімі бойынша әйел адамдар емес, ер адамдар бетін тұмшалап жүруге міндетті. Қалыңдықтың пәктігі маңызды емес. Ал еркекті әйеліне дөрекілік көрсеткені үшін ауыр жазалайды. Әйел күйеуімен ажырасуға өтініш беріп, тіпті күйеуін үйінен қуып шығуға құқылы. Сол себепті туарегтерді ұзақ уақыт "исламдағы матриархат" мысалы деп санаған.

Жасөспірім жасқа толған еркектерге, орамал тағу рәсімі өткізіледі. Еркектер үлкен орамал киіп жүреді. Рәсімнен кейін ер адамдар өмір бойы жабық жүреді, оны тек сирек жағдайда шешеді. Мысалы, болашақ қалыңдық алдында немесе некеден кейін енесі алдында ашық жүру әдепсіздік саналады. Соңғы жылдары бұл дәстүр сирек кездеседі, бірақ кейбір ауылдық жерлерде сақталған.

Әйелдер беттерін жаппайды. Орамалдары қысқа, тек басына салады, беттерін жауып жүрмейді.

Матриархалды дәстүрлер

Туарегтер исламды VIII-XII ғасырларда қабылдаған. Ерлердің бетін жабу дәстүрі исламнан бұрын пайда болған. Туарегтер – мұсылмандар арасында ерлер бетін жабатын жалғыз халық.

Швейцариялық журналист Рене Гарди 1950-жылдары Африкаға сапарында туарегтерде араб халықтарындағы сияқты емес, әйелдер ерлермен бірге қоғам істерін талқылауға қатыса алған. Олар араб әйелдері сияқты оқшауланып өмір сүрмеген, керісінше құлдары мен малы болған, қой отарларын басқарды, балалардың тәрбиесіне жауап берген. Әйелдер ақын да, музыкант та бола алған, әртүрлі махаббат оқиғалары мен ерлердің әскери жорықтары туралы әндер шығарып, музыкалық фестивальдерде өнер көрсетті.

Осы әдет-ғұрыптардың арқасында, әрі француз отаршылдарына туарегтерді араб-мұсылмандардан ерекше пайдалы болғандықтан, оларды одақтас ету мақсатында “экзотикалық матриархалды тайпа” туралы аңыз ойлап шығарған. Бұл аңыз әлі күнге дейін таралып келеді.

Қыздардың пәктігіне мән берілмейді. Некеге дейінгі жыныстық қатынасқа ерлерге де, әйелдерге де тыйым салынбайды. Тек некесіз баланың дүниеге келуі “ұят” болып саналады. 

Қыздарды әдетте 12 мен 20 жас аралығында тұрмысқа береді. Жұбайларды көбіне ата-аналары таңдап береді, әрі олар жиі туыстар арасында үйлендіреді екен. Алайда әйелдердің ата-анасының таңдауына қарсы шығуыға және олар таңдаған адамға тұрмысқа шықпауға құқығы бар.Фото: Getty Images

Туарег қоғамында дәстүрлі түрде моногамия сақталған. Ерлер бірнеше әйел алмаған. Алайда қазіргі кезде кейбір консервативті туарегтер көп әйелдікті қолдайды.

Туарегтерде тұқым жолы анадан беріледі, мүлік әйелге тиесілі болады. Сондықтан үй (көшпелі шатыр) әйелге тиесілі, ол неке кезінде әйелдің құндылығы ретінде беріледі. Ажырасса, әйел өз шатырында қалады, ал күйеуі кетеді. Әйелдер экономикалық тәуелсіз, еркін саяхаттай алады.

Сондай-ақ ер адамдар арасында әйелін ұру – “масқара іс” деп саналады. Туарег еркегі әйеліне агрессия көрсетпеуі керек. Алайда ондай жағдай болса, әйел шағым түсіре алады, шағым түссе күйеуін беделді ер адамдардың алдына шақырып, күйеуіне айыппұл салынады.

Әйелдер тәуелсіздігінен айырылуда

Матрилиниялық жүйе – матриархат емес. Бұл қоғамда әйелдер үстемдік етеді дегенді білдірмейді. Туарегтерде барлық әлеуметтік деңгейлерде басшылық лауазымдарды ер адамдар атқарады, қауым үшін маңызды шешімдерді де солар қабылдайды.

Фото: Getty Images

Ерлердің оранып жүруі олардың туарегтерде екінші дәрежелі рөл ойнайтынын білдірмейді. Керісінше, зерттеушілердің айтуынша, ер адамдар өздерінің үстемдігін бетін жабу арқылы көрсетеді екен, өйткені туарегтерде бет жабу жоғары әлеуметтік мәртебені білдіреді. 

Гендерлік рөлдердің бөлінуіне исламды қабылдау да, заманауи үдерістер де қатты ықпал еткен. Соңғы жылдарда туарегтер бірнеше құрғақшылық пен соғысты бастан кешірген. Соның салдарынан мал басы күрт азайған. Ал әйелдердің негізгі мүлкі мал болғандықтан, олардың көбі кедейленіп, тәуелсіздігінен айырылған.

Кейбір аймақтарда туарегтер әрі көшпелі, әрі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Сол жерлерде ер адамдар өздеріне үй сала бастаған. Бұл үйлер көшпелі үйлерден өзгеше, олар ажырасқаннан кейін де ерлердің меншігінде қалады. 

Фото: Getty Images

Туарегтердегі әйел сұлулығының өлшемдері батыстық түсініктерден өзгеше. Әйел неғұрлым толық болса, соғұрлым әдемі саналады. Туарегтердің ұғымында "толық" әйел – құнарлықтың белгісі әрі оның күйеуінің экономикалық табысының көрінісі: егер әйел көп тамақтанса, бұл оның күйеуінің оған жеткілікті азық тауып бере алатынын білдіреді. Расмуссен еңбектерінде, туарегтерде ер адам әйелдің символикалық қызметшісінің рөлін атқаратыны айтылған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 19 Тамыз, 2025 23:35
Талқылау