Джеффри Эпштейнмен байланысына байланысты барлық титулынан айырылған король Карл III-нің ағасы Эндрю Маунтбеттен-Виндзор ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция оны қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алды.
Бүгін таңертең Норфолк графтығындағы Солтүстік теңіз жағалауында орналасқан корольдік Сандрингем иелігіне келген полиция көліктерінің суреттері пайда болды. Қазір Маунтбеттен-Виндзор сол жерде тұрады.
Ұлыбритания полициясы тұтқындауға қатысты мәлімдеме жасады.
“Тергеу аясында бүгін біз Норфолктан шамамен алпыс жастағы ер адамды қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алдық және Беркшир мен Норфолктегі мекенжайлары бойынша тінту жүргізіп жатырмыз. Қазір ер адам қамауда”, – делінген полиция хабарламасында.
Король Карл III ағасының қамауға алынуына байланысты мәлімдеме жасап, болған жағдайды “аса үлкен алаңдаушылықпен” қабылдағанын айтты.
Ол тергеуді толық қолдайтынын және құқық қорғау органдарымен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді.
“Енді бұл мәселе тиісті органдар тарапынан лайықты түрде қаралатын толыққанды, әділ әрі заң талаптарына сай процесс басталады. Заң салтанат құруға тиіс”, – делінген мәлімдемеде.
“Бұрын-соңды болмаған оқиға”
Би-би-сидің корольдік отбасы жөніндегі тілшісі Шон Кофланның айтуынша, бұрынғы ханзаданың қамауға алынуы – Ұлыбритания үшін бұрын-соңды болмаған жағдай.
Сонымен қатар тілші қамауға алу кінәні дәлелдемейтінін, ал Эндрюге әзірге ресми айып тағылмағанын еске салады.
Оны бүгін таңертең нақты қайда апарғаны белгісіз, бірақ полиция хабарламасына қарағанда, қарапайым ғана интерьері бар полиция учаскесінде корольдің ағасы қамауда отыр.
Бұл – Букингем сарайы мен Виндзор қамалының сән-салтанатынан тым алыс жағдай.
Лондон полициясының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Дал Бабудың сөзінше, Эндрю қамауға алынғаннан кейін полиция “компьютер жабдықтарына, файлдарға, фотосуреттерге және кез келген өзге дәлелдерге қол жеткізе алады”.
Британ сарапшысы Дэнни Шоу бұрынғы ханзаданы қамауда ұстаудың ең ұзақ мерзімі 96 сағат болуы мүмкін екенін, бірақ бұл үшін полицияның аға офицерлері мен магистраттар сотының араласуы қажетін алға тартты.
Көп жағдайда Ұлыбританияда күдіктілер 12-24 сағат қамауда ұсталып, кейін не айып тағылып, не әрі қарай тергеу жүргізу үшін босатылады.
Эндрю тергеу изоляторындағы “төсегі мен дәретханасы бар камераға” орналастырылады және жауап алуды күтеді. Шоудың айтуынша, “оған ешқандай ерекше жағдай жасалмайды”.
Бұрынғы ханзадаға қатысты айыптаулар
Осы аптада Ұлыбритания полициясы бұрынғы ханзаданың Эпштейнге құпия ақпарат беруі мүмкін екені айтылған шағымды қарастырып жатқанын мәлімдеді.
2001-2011 жылдары Эндрю Ұлыбританияның сауда және инвестициялар жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарған: міндеті – ұлыбританиялық бизнестің шетелдегі мүддесін ілгерілету. Ол Эпштейнмен байланысы белгілі болғаннан кейін бұл қызметтен кеткен.
АҚШ-та жуырда жарияланған Эпштейн ісіне қатысты құжаттарда Эндрю Эпштейнге Сингапур, Гонконг және Вьетнамға сапарлары туралы есептерін, сондай-ақ инвестициялық мүмкіндіктер жөніндегі құпия деректерді беруі мүмкін екені айтылады.
Бұрынғы ханзада Эндрю мен Джеффри Эпштейн. Фото: News Syndication
Осыдан кейін монархияға қарсы Republic ұйымы Темза аңғары полициясына (Бакингемшир, Беркшир және Оксфордшир) қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және мемлекеттік құпияны бұзу күдігі бойынша тергеу жүргізуді сұрап жүгінген.
Бейсенбі күні 66 жасқа толған Эндрю өзіне тағылған айыптаулардың бәрін бірнеше рет жоққа шығарып, заңға қайшы еш әрекет жасамағанын айтып келеді.
“Жан-жақты бағалаудан кейін біз қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану туралы бұл шағым бойынша тергеу бастадық. Іске қоғамның қызығушылығы жоғары екенін түсінеміз және тиісті уақытта қосымша ақпарат береміз”, – деді полиция өкілі Оливер Райт.
Қазанда король ағасын ханзада атағынан және өзінде қалған өзге титулдардан айырған. Ал бұған дейін Эндрю Йорк герцогі титулынан ресми түрде өз еркімен бас тартқан.
Істің болашағы қандай?
Би-би-си тілшісі Доминик Кашианидың мәліметінше, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалануды дәлелдеу – өте күрделі. Негізінен, бұл Ұлыбритания халқының атынан қызмет атқарған адамның әдейі ауыр құқықбұзушылық жасағанын дәлелдеуге саяды.
Полиция Норфолк графтығындағы Сандрингемде орналасқан бұрынғы ханзаданың үйіне басып кірді. Фото: Bav Media
Прокурорлар айып тағу-тақпау туралы шешім қабылдауы үшін тергеуде полиция назар аударатын төрт негізгі фактор бар:
-
Тергеліп жатқан адамның “мемлекеттік қызметкер” болған-болмағанын және оқиғаның оның қызметтік міндетіне қатысы бар-жоғын анықтау.
-
Егер бұл расталса, күдіктінің міндетін “қасақана” орындамағанын немесе “қасақана” құқықбұзушылық жасағанын дәлелдеу.
-
Әрекеттің қоғамдық сенімді “дөрекі түрде теріс пайдалану” деңгейінде ауыр болған-болмағанын бағалау.
-
Күдіктінің “ақылға қонымды ақтауы немесе негіздемесі” болған-болмағанын тексеру.
Соңғысы шешуші мәнге ие: қылмыстық әділдіктің негізгі қағидасы бойынша, күдіктінің өз нұсқасын айтуға мүмкіндігі бар – бұл полиция есігін қаққан сәттен бастап қолданылады.
Вирджиния Джуффренің айыптаулары
Ұлыбританиялық қоғам Эндрюден Эпштейнмен қарым-қатынасы туралы АҚШ-та куәлік беруін барған сайын жиі талап етіп келеді.
Былтыр қарашада жарияланған Вирджиния Джуффренің мемуарларында оның Эпштейн және оның бұрынғы серігі Гислейн Максвеллмен кездесулері баяндалып, ханзада Эндрюге қатысты айыптаулары егжей-тегжейлі келтірілген. Эндрю бұл айыптауларды әрдайым жоққа шығарады.
Джуффре мемуарында ханзада Эндрюмен үш рет жыныстық қатынасқа түскенін айтады. Үшінші рет, оның сөзінше, бұл Эпштейнге тиесілі жеке аралда болған және ол болғанды “оргия” деп сипаттайды.
17 жастағы Джуффе ханзада Эндрю және Гислейн Максвеллмен бірге. Фото: US Department of Justice via Press Association
АҚШ Әділет министрлігі жуырда жариялаған Эпштейн мен Эндрю арасындағы хат-хабардан бұрынғы ханзаданың жақын ортасы бұл айыптауларға қатты алаңдағаны көрінеді.
Эндрюдің бұрынғы жеке хатшысы Аманда Тирск оған Гислейн Максвелл қолдануы мүмкін деген сөз орамын ұсынған: Джуффремен сол түні немесе кейін жыныстық қатынасы болды деген кез келген мәлімдеме “ешқандай шындыққа жанаспайды” дегенді дәлелдеуге бағытталған тұжырым.
Айта кетейік, бұған дейін II Елизаветаның ұлы Эпштейн жанжалына байланысты Виндзор сарайынан қуылғаны хабарланған еді.
