Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді Қырғызстанда тойлар мен мерекелік шаралар сағат 22:00-де аяқталады

Той 22.00 аяқталуға тиісФото: gov.kz

Қырғызстанда кафе мен мейрамханаларда үйлену тойлары мен басқа да мерекелік шаралар сағат 22:00-ден кешікпей аяқталуға тиіс. Бұл туралы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, елде "Тыныштық туралы" заң қабылданғанымен, әлі де сақталмай отыр.

"Жуырда екі тойға қатыстым: біреуі түн ортасына дейін, екіншісі 23:00-ге дейін созылды. Ешкім ескерту жасаған жоқ. Бұл – заңның орындалмай жатқанын көрсетеді. Заңның сақталуын қала мэрлері, аудан әкімдері және облыс басшылары бақылауға алуы керек", – деді Ташиев.

МҰҚ төрағасы бүгіннен бастап, 13 қарашадан барлық мейрамхана мен кафелердегі тойлар мен ойын-сауық шаралары сағат 22:00-де тоқтатылуға тиіс.

"Егер мекеме осы уақыттан кейін де жұмысын жалғастыра берсе, онда сағат 22:10-да электр жарығы өшірілуі керек", – деді ол.

Сондай-ақ, Ташиев заңның орындалуын қамтамасыз етпейтін жергілікті билік органдарының басшылары жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының Қазығұрт ауданында үйлену тойы кезінде мейрамханада өрт шыққаны хабарланған болатын.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 15:41
Талқылау