Еуроодақ Apple мен Meta-ға жалпы сомасы 700 млн еуро айыппұл салды
Фото: unsplash.com
Еуропалық комиссия Apple және Meta компанияларына цифрлық бәсекелестік ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 700 миллион еуро көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл өткен жылы күшіне енген Цифрлық нарықтар туралы заң (Digital Markets Act, DMA) бойынша салынған алғашқы санкциялар. Еурокомиссияның бұл шешімі ЕО мен АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі арасындағы, соның ішінде сауда баждары бойынша келіссөздер аясында шиеленісті күшейтуі мүмкін.
Apple компаниясы әзірлеушілердің бостандығын шектегені үшін 500 млн еуро төлеуге міндеттелді. Meta компаниясы “төле де, келіс” жүйесі үшін 200 млн еуро айыппұл арқалады. Бұл жүйе бойынша қолданушылар Facebook пен Instagram желілерін пайдаланған үшін ақы төлеуі керек немесе жеке деректерін өңдеуге келісім беруі қажет болған. Еурокомиссия өкілдерінің пікірінше, компаниялар бұл ескертуді 60 күннің ішінде жоймаса, оларға айыппұл санкциялары жүйелі түрде салынуы мүмкін.
Apple өкілдері Еуропалық комиссияның әрекетін "әділетсіз қудалау" және "желі қолданушыларының қауіпсіздігі мен жеке өміріне қауіп" деп атап, шешімге шағымданатынын мәлімдеді. Ал Meta өкілдері ЕО-ны Қытай және Еуропа фирмаларына мұндай талаптарды қоя алмай отырғанын айта келе, "табысты америкалық компанияларды жасанды түрде шектеу” деп бағалады.
"Айыппұл ғана айтылып тұрған жоқ. Еуропалық комиссия бізді бизнес үлгісін өзгертуге мәжбүрлеп отыр, бұл миллиардтаған долларлық тарифке тең", - деді Meta-ның жаһандық коммуникациялар бөлімінің басшысы Джоэл Каплан компанияға салынған айыппұл туралы.
Бұл сынға Еурокомиссия өкілі Томас Режнье пікір білдірді.
"АҚШ, Қытай немесе Еуропа болсын бізге қай жақтың компаниясы екені маңызды емес. Егер Еуропа нарығында жұмыс істейтін болсаңыз, еуропалық ережелерді сақтауыңыз керек", – деді ол.
Айыппұлдар Еуропалық комиссия қабылдаған бұрынғы монополияға қарсы шаралардан төмен - 2024 жылдың наурызында басқа іс бойынша Apple компаниясына 1,8 миллиард еуро айыппұл салған болатын. Еуропалық комиссия бұл жайтты түсіндіргенде DMA заңы өткен жылы ғана күшіне енгені және анықталған бұзушылықтар қысқа мерзімді қамтығаны ескерілгенін алға тартты. Бұл ретте Apple-ге қарсы шағымдардың бірі жойылды: компания әдепкі браузерді таңдауды жеңілдетіп, жаңа DMA талаптарына сәйкес келетін Safari сияқты алдын ала орнатылған қолданбаларды жою мүмкіндігін берді.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
