Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы ұлттық жоба: Басымдық қазақстандық өндірушілерге беріледі
Шымкентте "Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру аясында мемлекеттік органдардың, салалық компаниялар мен отандық өндірушілердің қатысуымен республикалық конференция өтті. Іс-шараны "Қазақстан электромашина жасаушылары қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды. Конференцияның басты мақсаты – тозған энергетикалық инфрақұрылым мәселелерін шешу мен болашақта тұрақты дамуға жағдай жасау.
Шараның өтетін орны ретінде трансформаторлар мен шунттаушы реакторлар шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыт – "Asia Trafo" таңдалды. Бұл зауыт қазақстандық "Alageum Electric" компаниялар тобына кіреді. Аталған компаниялар тобы отандық электротехникалық жабдық өндіру арқылы елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға нақты үлес қосып отыр. Бұл қазақстандық холдингтің басшылығы мен инженерлері 27 жылдан бері банкротқа ұшыраған өндіріс орындарын қалпына келтіріп, жаңа зауыттар салып, өз өндірістеріне заманауи технологияларды енгізіп келеді.
"Қазақстан кәсіпорындарының әлеуеті өте жоғары. Тәжірибе көрсеткендей, отандық жабдықтар еліміздің климаттық жағдайы мен инфрақұрылым сапасына кәдімгідей төзімді. Отандық тауар өндіруші (ОТП) жабдықтарын таңдаудағы тағы бір маңызды артықшылық – оған берілетін кепілдік және техникалық қызмет көрсету. Бүгінде Қазақстанда ешбір шетелдік жеткізуші мұндай міндеттемелерді орындамайды. Ал отандық компаниялар бұл қызметтерді көрсете алады. Одан бөлек, мұның маңызды әлеуметтік қыры да бар. Оған жаңа жұмыс орындарының ашылуы, ел бюджетін толықтыратын салық төлемдері және инвестициялық тартымдылық кіреді", – деді Электромашина жасаушылары қауымдастығының басқарушы директоры Ғалым Булатов.
Жергілікті өндірушілердің айтуынша, отандық компаниялар қазірдің өзінде жиі істен шығатын импорттық жабдықтарды жөндеу міндетін өз мойнына алып отыр. Бұл өз кәсіпорындарымызды қолдау қажет екенінің тағы бір дәлелі.
"Біз энергия үнемдейтін трансформаторларды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Қазір бүкіл әлем энергия үнемдеуге көшіп жатыр. Қазақстан бұл үрдістен артта қалмауы тиіс", – деді "Asia Trafo" зауытының техникалық директоры Дәуірбек Атеев.
Еліміздің Индустрия және құрылыс министрлігінің өкілі Айдын Рахымжан үкіметтің отандық өндіріс орындарына жүктемелер беріп, жаңа кәсіпорындар құру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын алға тартты.
"Бұл жай ғана экономикалық мәселе емес, бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі. Сенімді инфрақұрылым қазақстандықтардың үйлерінде жылу мен жарықтың болуының кепілі", – деп атап өтті министрлік өкілдері.
Жобаны іске асыру тетіктеріне арналған сессияда "Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шингазиева ұлттық жоба ұзақ мерзімді перспективаға арналғанын атап өтті:
"Біз бірден ескертеміз: бұл кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жоба. Қазір алғашқы бес жыл туралы айтып отырмыз. Ал одан кейінгі іске асыру жұмысы өңірлердің сұранысы мен көрсетілген нәтижелерге байланысты жалғасатын болады"
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарушы директоры Әлия Мұрзагалиева Ұлттық жобаны қаржыландырудың негізгі тетіктері туралы айтты. Бұл энергиямен жабдықтаушы мекемелердің (СЕМ) меншікті қаражаты, бюджеттік несиелерді тарту немесе жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО), әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, СЕМ жарғылық капиталына салым енгізуі, халықаралық қаржы ұйымдары (ХҚҰ) мен еліміздегі қаржы институттарынан қарыз тарту, жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) облигацияларын шығару және олардың Қаржы операторы арқылы ел заңнамасына сәйкес сатып алынуы есебінен жүзеге асырылатын болады. Әлия Мұрзагалиева атап өткендей, жаңғырту елдің экономикалық және инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді.
Соған қарамастан, отандық өндірушілер бірқатар шешімдердің асығыс қабылданғанына, жобаларды жүзеге асыру толықтай EPC (Engineering, Procurement, and Construction) мердігерлерге берілгеніне алаңдаушылық білдірді. "Karlskrona LC AB" компаниясының өкілі Талғат Алпысбаев мұны шетелдік жобалармен салыстырды:
"Біз 30-40 жылдан кейін іске асырылатын жобаларды талқылап отырмыз. Тіпті жобалау жұмыстарының өзіне үш жыл кетеді. Ұзақ мерзімді жоспарлау – сапаның кепілі. Ал егер бәрі соңғы сәтте шешілсе, онда сапаға күмән туар еді", – деді ол.
Іс-шараға отандық кәсіпорындар – Alageum Electric, Өскемен конденсатор зауыты, Nero Group, Karlskrona LC AB қатысты. Министрліктің мәліметі бойынша, ауқымды жаңғырту жобасы 2029 жылға дейін жалғасады. Нәтижесінде тозған негізгі инфрақұрылым айтарлықтай азаяды. Шымкенттегі конференция тек өзекті мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі отандық өнеркәсіптің рөлін қайта қарауға арналған маңызды қадам болды.
Жарнама құқығында