Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Энергетика министрлігі АЭС-ке қатысты провокация жасайтындарға қарсы полицияға арыз жазбақ

Энергетика министрлігі АЭС құрылысына қатысты жағымсыз эмоция білдіріп, шу шығарғандарға қатысты полицияға мәлімдеме дайындап жатыр. Мұны үкіметте өткен баспасөз мәслихатында министр Алмасадам Сәтқалиев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Министр атом электр станциясын салу мәселесі – парасат, ұлтжандылық пен әдептілік сынағы деп санайды. Оның ойынша, атом электр станциясын салу қауіпсіз екенін түсіну үшін аса көп білім қажет емес. Ол қазақстандықтар атом энергиясы мәселесінде өз елін дамытуға міндетті дейді.

"Қазір Қазақстанның дамуына қарсылар, индустриялық дамудың қарсыластары белсенді жұмыс істеп, БАҚ, тәуелсіз блогерлер арқылы еліміздің дамуына тосқауыл қойып, жағымсыз эмоционалды қозғалыстарды жандандырып жатқанын білеміз", – деді ол.



Министрлік бұл туралы полицияға хабар берген.

"Біз тұтастығымызды тұрақсыздандыруға және қоғамдық пікірді бұзуға бағытталған белгілі бір әрекеттер туралы айтып отырмыз. Мен осы атом энергетикасын дамыту бағдарламасын қамтуға қатысты тәсілдер туралы айтып отырмын. Уақыт өте келе не айтып жатқанымызды түсінерсіздер деп ойлаймын. Энергетика министрлігі қажет шараларды қабылдайды. Өтініш дайын, бірақ әлі құқық қорғау органдарына жіберілген жоқ", – деді Сәтқалиев.

Кейін энергетика министрлігі бұл мәлімдеменің АЭС-ке қарсы пікір білдіретін журналистер мен азаматтарға қатысы жоқ деп сендіруге асықты. Алайда мәлімдеменің кімге бағытталғанын нақтыламады.

Еске салайық, үкімет АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу туралы қаулы жобасын мақұлдады. Сондай-ақ Қазақстанда АЭС-ті қай компаниялар салуы мүмкін екені белгілі болды.

Талқылау