“Ендігі мақсат әлем чемпионаты” — Грек-рим күресінен Азия чемпионы Алматбек Аманбек
Фото:UWW/Алматбек Аманбек
Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен тараздық балуан Алматбек Аманбек топ жарды. Алматбек Аманбек – Тараз қаласының тумасы. Ол бес жасынан бастап спортпен шұғылданып келеді. Балуанның ендігі басты мақсаты – әлем чемпионатында табысты өнер көрсету.
Алматбек Аманбектің бұл жетістігінен кейін Stan.kz тілшісі спортшымен байланысып, алдағы жоспарлары туралы сұхбаттасты.
"Құттықтауларыңызға көп рақмет! Азия чемпионатына тыңғылықты, жоғары деңгейде дайындалдық. Қазақстан чемпионатынан кейін төрт рет оқу-жаттығу жиыны өтті. Соның бірі Хорватияда ұйымдастырылды. Азия чемпионатында бабымда болдым", – деді Алматбек.
Сондай-ақ балуанның айтынша жаттықтырушылар бұған дейін Азия чемпионатында топ жарған балуанның әлем чемпионатына қатысатынын, енді сол додаға тыңғылықты дайындық жүргізетінін атап өтті.
"Иә, бізге Азия чемпионатында Олимпиадалық емес салмақта кім жеңімпаз атанса, сол әлем чемпионатына барады деген талап қойылған. Енді, Алла қаласа, әлем чемпионатына дайындаламыз. Салмақ ауыстырмаймыз, өзімнің 72 келі салмағымда күресемін", – дейді спортшы.
Қазіргі таңда Алматбек 25 жаста. Ол спортпен шамамен 15 жылдан бері айналысып келеді. Алтыншы сыныпты тәмамдаған соң, жетінші сыныптан бастап Алматы қаласындағы "Шаңырақ" спорт мектебінде сегіз жыл білім алып, жаттыққан. Кейін туған жері Таразға оралып, дайындықты жалғастырған. Қазір ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
"Әлем чемпионатына дейін түрлі турнирлерге қатысып, оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз", – деп қорытындылады балуан.