Енді жемқорлардың соттылығы заң жүзінде жойылса да, олар сайлауға қатыса алмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жемқорлардың сайлануға құқығы жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы мұның маңызды жаңашылдық екенін айтты.
“Жемқорлардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы жоқ. Бұл өте маңызды жаңашылдық деп ойлаймын”, – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейетінін айтты.
“Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды” деген бап та әділдік қағидатына толық сай келеді. Жаңа Конституция жобасында “Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi” деп нақты жазылған. Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді”, – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды.
“Бұл жерде тек жеке салымдар мен жазысқан хаттардың құпиясын заңмен қорғау туралы сөз болып отырған жоқ. Банк операцияларының, дербес деректердің құпиялығын қамтамасыз ету Конституция бойынша қорғалады. Цифрлық технология мен қаржы секторы қарыштап дамыған қазіргі заманда бұл өзекті мәселеге айналды”, – деді президент.
Сонымен қатар президент бұдан бөлек, Қазақстанда дербес деректер мен цифрлық құқықтың қорғалуына кепілдік беруді Негізгі заң деңгейінде бекіту жоспарланып отырғанын жеткізді. .