Енді жеке куәлікті онлайн ауыстыруға болады: Халыққа қызмет көрсету орталығы қалай ресімдеу керегін түсіндірді
Фото: Stan.kz
Енді жеке куәлікті ХҚКО-ға бармай, eGov.kz және eGov Mobile арқылы қашықтан қайта рәсімдеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Бастаманы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ішкі істер министрлігі бірлесіп жүзеге асырды.
Қызметке тапсырыс беру үшін eGov.kz электрондық үкімет порталында авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, мәліметтерді толтыру, қол қою әдісінің бірі арқылы өтінімді растау және мемлекеттік баж салығын банк қосымшасы арқылы төлеу қажет.
“Мобильді қосымша арқылы өтінім беру үшін қосымшада авторизациядан өту, тиісті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, қажетті деректерді толтыру, құжатты алу орнын көрсету, мемлекеттік баж салығын төлеу және өтінімді Face/Touch ID арқылы растау қажет. Бұл қызметті тек жеке куәлік иесі ала алады. Басқа адамның атынан, тіпті сенімхат немесе қамқоршылық негізінде де өтінім беру мүмкін емес”, – делінген хабарламада.
Жеке куәлікті онлайн түрде оның қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда, құжат мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын немесе мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде рәсімдеуге болады. Дайын болған кезде алдын ала көрсеткен тіркеу пунктінен алып кету қажет. 15 жұмыс күн ішінде дайын болады екен.
Қызметтің стандартты түрі үшін мемлекеттік баж – 0,2 АЕК (786 теңге). Құжатты жедел рәсімдеу қажет болған жағдайда 3 жұмыс күнінде дайындау – 1 771 теңге, 1 жұмыс күнінде – 3 372 теңге.
“Өтінімді беру рәсімі Digital ID жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Алдымен жүйе өтінім берушінің ЖСН мен телефон нөмірін мобильді азаматтар базасы арқылы тексереді. Содан кейін тіркелген телефон нөміріне бір реттік құпиясөз жіберіледі. Бұдан әрі пайдаланушы қосымша қорғау шарасы ретінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Мұндай тәсіл жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тұлғалардың қызметке қол жеткізу мүмкіндігін толығымен болдырмайды”, – деп мәлімдеді халыққа қызмет көрсету орталығы.
Барлық биометриялық дерек "Ұлттық ақпараттық технологиялардың” қорғалған контурында шифрланған түрде сақталады дейді. Digital ID ақпараттық жүйесі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің талаптарына сәйкестігі жөніндегі актіге ие.
Кейбір жағдайларда пайдаланушылар бет-әлпетінің ерекшеліктеріне байланысты биометриялық сәйкестендіруден өте алмауы мүмкін. Ол кезде өзіне ыңғайлы кез келген ХҚКО-ға жүгіне алады.
Еске салсақ, Қазақстанда жеке куәлікті енді онлайн рәсімдеуге болатыны айтылды.

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
