Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді төрт балалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы берілмейді

Жәрдемақы төлеуге қатысты жаңа өзгеріс бойынша қазынаның балаға төлейтін төлемі қанша пайызға өсті? 2018 жылдан бастап төрт балалы отбасы көп балалы деп есептеле ме?

Иә, әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы жаңа жылдың басынан бастап азаматтарға жаңа мөлшерлеме тағайындады, деп жазады elorda.info.

Елімізде әлеуметтік жәрдемақы, әсіресе, әйелдерге көп төленеді. Бір бала туса да, бірнеше бала туса да, белгіленген тәртіппен таға-йындалады. Биыл бірінші, екінші  және үшінші бала туғанда 91390 теңге жөргекпұл беріледі. Төртінші және одан көп туғанға 151 515 теңге тағайындалған. Сала мамандарының айтуынша, егіз немесе үшем дүниеге келген жағдайда, бір реттік жәрдемақы әр балаға жеке төленеді. Әрине, оның мөлшері туу кезектігіне байланысты жүзеге асырылады.

Аналар үшін бала 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдем¬ақының көмегі көп. Ол екі жолмен тағайындалады. Жұмыс істей жүріп, декреттік  демалысқа  шыққан әйелдер  ай сайын айлығының 40 пайызын алып отырады. Оны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлейді. Мөлшеріне келсек, бала туу алдындағы соңғы 24 айға әлеуметтік аударымдар жүргізілген, орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды. Ал жұмыссыз әйелдерге жәрдемақы республикалық бюджет есебінен төленеді.

Төрт бала – көп бала ма?

Елімізде осы уақытқа дейін төрт бала туған аналарға ай сайын 9500 теңге көлемінде жәрдемақы беріліп келді. Ал биылдан бастап төртінші баласын босанған әйелдерге бұл тағайындалмайтын болды. Көпшілікті алаңдатқан мәселе – осы. Өйткені көптің көкейінде төрт бала енді көп балалы отбасы емес деген түсінік қалыптасты.

Бұл ретте “Биыл төртінші баласын туғандар “көп балалы отбасы” санатына жата ма?” деген сауалымызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Асқар Ниязов жауап берді. Оның айтуынша, көп балалы отбасы түсінігі қолданыстан алынған жоқ. Төрт және одан да көп баласы барлар көп балалы отбасына жатады. Енгізілген өзгеріс бойынша 2018 жылдан бастап бұған дейін ай сайынғы берілетін жәрдемақы енді тағайындалмайды. Өйткені осы санаттағы аз қамтылған отбасылар үшін атаулы көмектің жаңа форматы шықты.

“Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған отбасыларға ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасылар үшін сақталады” дейді ол.

Бұл ретте, көп балалы отбасы¬ларды мемлекеттік қолдау аясында жергілікті органдардың шешімімен айқындалатын  қосымша  қолдау шаралары, яғни қоғамдық  көлікте  жеңілдікпен тегін жүру, тұрғын үй алуға кезекке тұру секілді мүмкіндіктер сақталатынын айтуымыз керек.

Жаңа форматтың жаңалығы не?

Сонымен, биыл атаулы әлеуметтік көмек табысы төмен отбасылар үшін жаңа форматқа көшті. Осылайша, аталмыш бірыңғай жәрдемақының құрамында қолданыста болған көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек біріктірілді. Енді шамамен 350 мың  отбасы жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек алады.

Айта кетейік, берілетін үш жәрдемақының жалпы сомасы әлеуметтік әлжуаз отбасылардың әрбір мүшесіне ай сайын 6396 теңгені құрайды. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 10 пайызға көтерілуіне байланысты, әрбір жан басына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2500 мың теңге болмақ. Бір маңыздысы, мұндай қомақты қаражат тұрмысы төмен отбасыларға шартты түрде беріледі.

“Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалынады. Егер еңбекке қабілетті азаматтар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылатын болады”, — дейді министр Тамара Дүйсенова.

Есесіне, отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен  отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалмақ екен.

Дегенмен жаңа форматтың жаңалығы жалпақ жұртты онша қуандыра қоймады. Бір үйде бір адам ғана жұмыс жасап, оның жалақысы жүз мың ғана болса, төрт балалы отбасы бұл көмекті ала алмайды. Өйткені енгізілген өзгеріске сәйкес, әр адамға 14 мың теңгеден есептегенде бір үйдің алты қаралы жанына осы жүз мың жетеді-міс.

“Жақында ғана төртінші баламды босандым. Әлеуметтік төлемдерді есептеу орталығына барсам “Сіздің күйеуіңіздің жалақысы жеткілікті” деп шығарып салды мамандар. Шынын айтқанда, 105 мың теңгемізді пәтеріміздің арендасына ғана беріп отырмыз. Әрі қарай бізге мүлдем әлеуметтік көмек жоқ”, — дейді Айжан Қыстаубаева есімді оқырман.

Тағы да оқыңыз:

Талдықорғанда жемқорлыққа қарсы бюроның есепшісі қызмет орнында асылып қалды

Қайта осындай әйел тапқаныма бақыттымын: Кемпірге үйленді деп желіде шу болған күйеужігіт шындығын айтты

Тойда жұлқына билеген әйел елді таң-тамаша етті (видео)

Талқылау