"Енді осында өлгенше келеміз": Туыстары Шыңжаң лагерьлерінде қуғындалып жатқан бір топ азамат Қытай елшілігінің алдында шу шығарды
Шыңжаңда қуғындалып жатқан жақындарын жоғалтып алғандарын айтқан бір топ азамат Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне келді. Бірі күйеуін, бірі әйелін, басқасы баласын қайтаруды сұрайды. Наразылық танытушылар бұған дейін жазған өтініштеріне жауап алмаған соң еріксіз осындай қадамға бардық деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Пандемияға байланысты шектеу енгізілгеннен бері көп адам шекарадағы жақындарынан хабар ала алмай отыр екен. Мәселен, Қарақат Әбдеш бірнеше жылға сотталған күйеуі, қайын атасы мен екі қайнысы туралы бір жаңалық естуге зар болып жүр.
"Әйелдері үй қамағында болатын. Олар қайда, балалары қайда, білмеймін қазір. Ешқандай хабар-ошар жоқ", - деді ол.
Ал Фарида Қабылбектің күйеуі Қазақстанның тыңшысы деген айыппен 2004 жылы сотталған. Жазасын өтеп, Қазақстанның азаматтығын алса да әлі күнге елге қайтармай жатқан көрінеді.
"Оны 40 жасында қамады, қазір міне 60-та. Енді әкесінің құны қалған жоқ қой, істейтіннің бәрін істеп болды. 13 жыл түрмеге жапты, бір жарым жыл саяси лагерьге жатқызды. Енді не қақысы бар", - деді Фарида Қабылбек.
Елшілік алдына жиналғандар басындағы мәселесін айтып, сыртқы істер министрлігіне де бірнеше рет барыпты.
"Екі жылдан бері Қытайға нота жолдапты, келе жатыр, келе жатыр, ол не деген келмейтін нота. Ол не деген жауабы жоқ нота", - деді наразылық білдіруші Жеңіс Зарқанұлы.
Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Шыңжаңдағы жағдайды қадағалап отырмыз, Қазақстанның азаматтығы бар адамдарды қудалап жатқаны белгілі болса, араласатындарын айтты.
Ал АҚШ билігі адам құқығын таптап, мәжбүрлеп жұмысқа пайдаланып жатқан Қытай компанияларымен қандай да бір қарым-қатынас орнатпауға шақырған болатын. Қазақстан үкіметі мұны қолдамайтын сыңайлы.
"Бұл мәселе біздің мемлекеттің мәселесі емес. Олардың өз саясаты бар, жалпы біздің оларға ешқандай қатысымыз жоқ", - деді ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан.
Қазақстан билігінен нақты жауап ала алмаған наразы топ ҚХР-дағы туыстарынан хабар алу үшін екі күннен бері Қытай елшілігінің алдын торуылдап жүр. Енді олар жауап алғанша қайтпаймыз деп отыр.
"Енді осында аяғымыз сүйретілгенше, өлгенше келеміз", - дейді олар.