Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді қазақстандықтар коммуналдық қызметке кім және қанша тұтынатынына байланысты төлейді

Қазақстанда коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормалары бекітілді. Енді ел тұрғындары коммуналдық қызметтерге кім және қанша тұтынатынына байланысты әртүрлі төлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: stavropol.ldpr.ru

Президент Тоқаев биыл халыққа жолдауында жыл соңына дейін энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөнінде ұлттық жобаны бекіту қажетін айтқан еді. 

“Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Келесі жылдан бастап “көп тұтынсаң — көп төлейсің“ қағидатын басшылыққа алып, тұтынудың нақты нормаларын енгізу қажет", – деді президент. 

Қазақстанда коммуналдық қызметтердің төмен тарифтерін ескергенде, энергия мен суды тұтынудың деңгейі әртүрлі. Артық көлемде тұтыну — бұл ресурстарды ысырап ету. Ендеше әлеуметтік нормаларға толығырақ тоқталайық. Сумен жабдықтау саласында тұтыну лимитіне байланысты төрт деңгейлі тарифті қолдану көзделген. Мұнда экономикалық шығындар былайша бөлінген:

  • айына 3 текше метрге дейін тұтынатын бірінші топқа халыққа арналған тариф деңгейінде;
  • айына 3-тен 5 текше метрге дейін тұтынатын екінші топқа халыққа арналған тариф деңгейіне 20% қосылады;
  • айына 5-тен 10 текше метрге дейін тұтынатын үшінші топқа халыққа арналған тариф деңгейіне 50% қосылады;
  • айына 10 текше метрден көп тұтынатын және есептеу құралдары жоқ төртінші топқа халыққа арналған тариф деңгейіне 100% қосылады.

Жылумен жабдықтау саласында тарифтерді саралау тұрғын үй алаңының бір абонентке шаққандағы шамасы бойынша жүзеге асырылады:

  • тұрғын үй ауданы 100 шаршы метрге дейінгі бірінші топ — бекітілген тариф бойынша;
  • тұрғын үй ауданы 100-ден 200 шаршы метрге дейінгі екінші топ — бекітілген тарифке 10% қосылады;
  • тұрғын үй ауданы 200 шаршы метрден асатын үшінші топ — орташа тариф бойынша.

Айта кетерлігі, табиғи монополиялар субъектілері қосымша алған табыс Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басым міндеттерді шешуге көмектеседі. Сондай-ақ реттеліп көрсетілетін қызмет бойынша жабдықтар мен желілерді жаңартуға, қайта құрылымдауға, негізгі құралдарды сатып алуға бағытталады. Бұл қаражат ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға жұмсалады.

Әрине, тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу үшін бөлінетін қосымша қаражатты мақсаты бойынша пайдалану қатаң бақыланады. Бұл тұрғыда коммуналдық қызметті ақылға қонымды тұтыну туралы ойлану қажет. 

Төменде берілген ақпараттық кестеде жылу мен суды ұқыпты әрі үнемдеп тұтыну жөнінде ұсыныстар көрсетілген.

Фото: Finprom.kz

Фото: Finprom.kz

Талқылау