"Үзіліс кезінде де рұқсат жоқ": Елімізде оқу процесі кезінде телефон қолдануға тыйым салу ұсынылды

Мәжіліс педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын қарауға алды. Мұны палатаның пленарлық отырысында депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.
Заң жобасына сәйкес, мұғалімдердің балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты жауапкершілігі оқу процесі кезінде ғана белгіленбек. Ал сабақтан тыс уақытта, кешкі мезгілде және демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер жауап береді.
“Бұл норма “Педагог мәртебесі туралы” заңның 6-бабына енгізіледі. Өзгеріс мұғалімдерді негізсіз тәртіптік, әкімшілік немесе өзге де жауапкершілікке тартудан қорғауға бағытталған. Ал оқушыларға қатысты оқыс оқиғалар білім беру ұйымынан тыс жерде және мұғалімнің қызметтік міндетіне қатысы жоқ кезде болса, педагог жауапқа тартылмайды”, – дейді депутат.
Құжатта мұғалімдер мен мектеп директорлары сабақтан тыс уақытта немесе мектеп аумағынан тыс жерде болған оқиғалар үшін жазаланған немесе жұмыстан босатылған жағдайлар кездесетіні айтылған. Мұндай шешімдер әділеттілік қағидатына қайшы келеді және педагогтардың құқықтарын негізсіз шектейді делінген.
Сонымен қатар “Білім туралы” заңның 47-бабына (10-1-тармақ) өзгеріс енгізіліп, оқушылар мен тәрбиеленушілерге оқу процесі кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салу ұсынылды. Ерекше жағдайлар білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін ережелерде көрсетіледі.
“Енді телефон қолдануға тыйымды сабақ уақытында ғана емес, үзілістер кезінде де енгізу көзделіп отыр. Бұл кибербуллинг қаупін азайтуға, деструктивті контенттің таралуын шектеуге, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл оқушылардың бір-бірімен бетпе-бет сөйлесіп, қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді”, – дейді депутат.
Заң жобасында ата-аналардың міндеттері де нақтыланбақ. “Білім туралы” заңның 49-бабына ата-аналар мен заңды өкілдердің педагогтың құқықтарын құрметтеуге, білім беру ұйымымен жасалған шарт талаптарын сақтауға міндетті екені туралы норма енгізілмек. Сондай-ақ сабақтан тыс уақытта баланың мінез-құлқы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ата-анаға жүктелетіні нақты көрсетіледі.
“Бұл өзгерістер отбасының бала тәрбиесі мен дамуына қатысты жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар ата-ана мен мектеп арасындағы әріптестікті нығайтып, даулы жағдайлардың азаюына ықпал етеді”, – деді Аймағамбетов.
Бұдан бөлек, заң жобасы мұғалімдерге есепті қағаз және электрондық форматта жүргізуге тыйым салуды көздейді. Сондай-ақ педагогтарды өз жұмысының нәтижесін әлеуметтік желілерде жариялауға мәжбүрлеуден қорғайды дейді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді мұғалімдер сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін жауапкершілік арқаламайтыны туралы жазған едік.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты