Енді Қазақстанда мектеп оқушыларына арналған әскери оқу-жаттығу жиындары өтеді

Енді елімізде мектеп оқушылары әскери оқу-жаттығу жиындарынан өтеді. Бұл бастаманы Оқу-ағарту және Қорғаныс министрліктері бірлесіп жасап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоаралық кездесуде бұл ұсынысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қолдады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жоба Жамбыл, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында іске қосылады. Пилоттық кезеңнің нәтижесі талданған соң, бастаманы басқа өңірлерге де енгізу жоспарланып отыр.
Қазақстанда мерзімді әскери қызметкерлерге несие алуға тыйым салынбақ
Әскери жиындардың өтуі әзірге міндетті ме, ерікті ме белгісіз. Сондай-ақ бұл жаңашылдық қай жастағы оқушыларға немесе қай сыныптарға қатысты болатыны нақтыланбаған.
Ведомство өкілдерінің пікірінше, бұл жоба балалардың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, қазір қазақстандық мектептерде бастапқы әскери дайындық пәні бар, әскери-патриоттық клубтар мен ұйымдар жұмыс істейді. Оның аясында түрлі форумдар, кездесулер мен акциялар өткізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Әскерилердің отбасына жылына бір рет Қазақстанда пойызбен тегін жүруге рұқсат берілетіні туралы жазған едік.