Енді елімізде тұрғын үй иелері баспананы күтіп ұстау ақысын үшке бөліп төлейді
Фото: Видеодан скрин
Қазақстанда енді тұрғын үй иелері коммуналдық төлемдерден бөлек, баспананы күтіп ұстауға қатысты үш түрлі жарна аударуға міндеттеледі. Жаңа талапқа сәйкес, қаражат ағымдағы шығындарға, күрделі жөндеуге және тұрғындар өздері бекітетін мақсатты жұмыстарға бағытталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңашылдық қойма мен автотұрақ иелеріне де қатысты. Ереженің негізгі мақсаты әбден тозығы жеткен көпқабатты үйлерді жөндеп, қасбетін қалпына келтіру.
15 қыркүйектен бастап пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, автотұрақ пен қоймалардың меншік иелері жаңа жарналарды төлеуі тиіс. Оның құны пәтердің аумағына қарай есептеледі. Жарнаның үш түрі болады, яғни ағымдағы жарна ай сайынғы шығындарды жабуға жұмсалады. Жинақ жарнасы күрделі үйдің жөндеу жұмыстарына алынады. Ал мақсатты жарнаны тұрғындар өздері бекітіп, қосымша жұмыстарға жинай алады. Ал алғашқы екеуін төлеу міндетті.
"22 бөлме пайдаланылған": "Манхэттен" тұрғын үй кешенінде жыныстық қызмет көрсетіп келгендер ұсталды
“Жарнаға жиналған қаражат мақсатты жұмсалады. Әр тиын есеппен алынады. Біздің қазір дәрежеміз басқарушы компаниялармен теңесті. Сондықтан жаңа ереженің сақталуын мұқият қадағалайтын боламыз. Әр адам тұрғын үйді күтіп ұстауға жауапты болуы қажет. Бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды”, – деді пәтер иелері корпоративі қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков.
Жаңа тәртіпке сәйкес, тіпті бос тұрған қойма немесе автотұрақ үшін де төлем жасалуы керек. Міндетті жарналарды айдың 25-іне дейін төлемеген жағдайда өсімпұл қосылады. Ал екі айдан аса кешіктірілсе, мәселе сот арқылы шешілмек.
Жарнаның көлемін тұрғындар жиналыста белгілейді. Алайда ол мәслихат бекіткен ең төменгі мөлшерден кем болмауы тиіс. Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе ескі үйлерді жөндеуге және қаланың келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мәселелерді шешуге шетелдік мамандар көмектесетіні туралы жазған едік.

"Аурухана мен мәдениет үйі жоқ": Сингапурға айналуы тиіс жаңа қала Алатаудың бүгінгі жай-күйі қалай (Фоторепортаж)
