Енді елімізде студенттерді тасымалдайтын қосымша вагондар пайда болады
Оқу жылы қарсаңында студенттерді тасымалдауға арналған қосымша вагондар іске қосылады. Мұны көлік министрлігі "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамымен бірлесіп жүргізбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қосымша теміржол бағыттары көбінесе батыс өңірлеріне арналады. Себебі сол аймақтың тұрғындары жаңа оқу маусымы жақындағанда билет таппай қалады. Жоспар бойынша пойыздар бірнеше күн ішінде Ақтау мен Атыраудан шығып, Алматыға дейін барады. Егер орын тапшылығы шешілмей жатса, жауапты ведомство қосымша вагондарды шығаруға дайын. Билетті теміржол вокзалынан және онлайн сатып алуға болады.
“Атырау-Алматының арасына төрт күн қатынайды – 16, 18, 20, 22. Ал Ақтау-Алматы – 360 орындық. Ол 21-і шығады да, 23-і Алматыға жетеді. Жолға шығатын пойыздар кондиционерсіз, яғни желдетусіз болады. Себебі жаңа келген, кондиционері бар пойыздар басқа бағыттарға қатынап жатыр. Алдын ала студенттерден осындай бір қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Әрине, студенттерге жіберілетін пойыздар тальго сияқты қымбат болмайды. 6 немесе 7 мың теңге”, – деп мәлімдеді көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда пойыз билеттері қымбаттайтыны айтылды.