Енді елімізде қомақты теңгерім салынған телефондар тексеріледі
Фото: freepik.com
Мәжіліс отырысында жаңа заң жобасы аясында қазақстандықтардың телефоны теңгерімінің толтырылуына қаржылық мониторинг жүргізу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Сондай-ақ заң жобасында 50 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікпен жасалған мәмілелерді тексеру ұсынылады.
"Заң жобасында Қаржылық мониторинг агенттігіне коммерциялық емес ұйымдардың күмәнді операцияларын талдау және мониторинг жүргізу міндеті жүктеліп отыр. Бұл қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату мен заңсыз қызметті қаржыландыру тәуекелдерін анықтау мақсатында жасалады. Ұялы байланыс операторлары мен "Азаматтарға арналған үкімет" қаржы мониторингінің жаңа субъектілері болады. Ұялы байланыс операторлары мобильді балансқа түсетін ірі сомалар туралы ақпарат береді. Ал "Азаматтарға арналған үкімет" нотариустар секілді 50 миллион теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер туралы мәлімет ұсынады”, – деді Қаржы мониторингі агенттігі басшысының орынбасары Жеңіс Елемесов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ірі үш мобильді оператор қандай жауапкершілікке тартылатыны туралы жазған едік.

"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
