Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді елімізде ер адамдардың да декреттік демалысы еңбек өтіліне есептеле бастайды

декреттегі ер адам еңбек өтіліне ие болады

Фото: freepik.com

Мәжіліс бірінші оқылымда қазақстандық ер азаматтардың әйелдермен бірдей деңгейде декреттік демалысқа шығу нормасын мақұлдады. Енді декреттік демалыс уақыты әкелердің де еңбек өтіліне қосылуы қаралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Дегенмен еңбек заңнамасына өзгерістер талқыланғанда депутат Олжас Құсбеков мұндай теңдік қандай да бір қосымша мәселелерге әкелмей ме деп сұрады.

“Қазір мұндай құқық тек аналарға ғана берілген. Оларға бала күтімі уақыты зейнетақы есептегенде жалпы 12 жылға дейін еңбек өтіліне қосылады. Ал осы норманы қабылдай отырып, біз әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер немесе басқа салаларда жұмыс істейтін әкелердің жаппай декретке шығуына себеп болмаймыз ба?”, – деді ол.

Өзгерістер жобасын мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов қорғады. Ол әріптесін сабырға шақырып, бұл норма ерлердің бала күтімі мәселесіндегі кемсітушілікті жоятынын айтты. Бүгінде қазақстандық әкелердің декретке шығуына рұқсат бар. Бірақ осы уақыт еңбек өтіліне есептелмейді.



“Кім шығуы керек болса, олар қазірдің өзінде-ақ декретке шыққан. Сондықтан бұдан жаппай кету болады деп ойламаймыз. Жалпы, бұл норма ерлер мен әйелдердің құқықтарын осы мәселеде теңестіреді”, – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

STAN.KZ
Бейсенбі, 20 Қараша, 2025 10:46
Талқылау