Енді елімізде әр өңірдің әкімі артық қарыз үшін жазаланады
Елімізде өңірлік деңгейде мемлекеттік борышты басқару тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қажетті шараны Ұлттық экономика министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізді. Жүргізілген мемлекеттік аудит шеңберінде бұл салада бірқатар кемшілік анықталған еді.
“Мәселен, "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында жергілікті атқарушы органдардың басқа кредиторлар алдындағы қарызын өтеуге жұмсалған шығыстар жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген. Бұл орталыққа борыштық жүктеме түсіреді. Жергілікті жерлерде қарыз алу лимиттері (кірістердің 10%-ынан аспайтын) кей жағдайларда сақталмайды. Ал жергілікті атқарушы органдар лимитті сақтамағаны үшін жауапқа тартылмайды. Жалпы қарызды басқару әртүрлі әдіспен жүзеге асырылып келген”, – делінген хабарламада.
Жоғары аудиторлық палата осы жағдайды ескеріп Ұлттық экономика министрлігіне нормативтік-құқықтық базаға қажетті өзгерістер енгізу арқылы анықталған олқылықтарды жоюды тапсырды. Нәтижесінде жаңа Бюджет кодексіне (2025 жылғы 15 наурызда қол қойылған) бірқатар тиісті түзету енгізілді:
- енді жергілікті қарыздарды өтеуге арналған шығыстар орталық деңгейде қалыптасатын өңірлердің жалпы шығындарының болжамына (білім беру, медицина, инфрақұрылым және т.б.) енгізілмейді. Бұл өңірлерге оларды өтеу бойынша басым жауаптылық бекітеді;
- жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттері президент жарлығымен бекітілетін нысаналы бағдарлар ескеріле отырып айқындалады;
- лимиттердің сақталмағаны үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың әкімі тікелей жауап береді.
Сондай-ақ төмен тұрған бюджеттердің салықтық және салықтық емес кірістерін асыра орындау сомалары енді тоқсанына бір рет олардың борыштық міндеттемелерін өтеуге және жоғары тұрған жергілікті бюджеттердің басым әлеуметтік шығыстарын қаржыландыруға бағытталады.
Бұл тәсіл бюджеттердің дербестік қағидаттарын нығайтуға, борыштық жүктемені қысқартуға, қаржылық тәртіпті арттыруға және бюджет қаражатын тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызы 164 миллиард доллардан асатынын хабарлаған еді.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
