"Енді бір ұл туып, бақытты бол": Жұлдызай Дүйсенбиева ұл тумады деп әйелдерін кінәлайтын еркектерге үндеу тастады
Белгілі актриса Жұлдызай Дүйсенбиева "Мамский әңгіме" подкастында ұл тумадың деп әйелдерін кінәлайтын еркектер жайында сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Подкастан үзінді
Өнер иесінің айтуынша, оқырмандары өзіне де ұл туып алуға кеңес береді екен.
“Маған жеке парақшама кейбір кісілер, “Енді бір ұл туып, бақытты болыңызшы” деп жазады. Ұлым жоқ болғаны үшін мен бақытсыз екенмін. Ұл да, қыз да – перзент. Құдай кімді берсе, соны аласың. Сол дүниені түсінбеймін. Ұл туу – бақыттың шыңы. Ұл туған әйелді бақытты етіп қойған. Мен үшін ауыр ұғым. Мен ұл тусам ғана бақытты екенмін. Бір қызым болса да, мен бақыттымын. Жиен мен немерені де бөлгенін қаламаймын. Ұл тумадың деп еркектер әйелдерін кінәлайды. Тіпті сол үшін ажырасып жатады екен. “Еркектен еркек туады” деген қайдан шыққан қағида?!”, – деп күйінді актриса.
Сонымен қатар әзіл әлемінің жұлдызы үйінде төрт қыздың өскенін айтып, әкелерімен қарым-қатынастың қалай болғанын айтып берді.
“Мен ата-анамның тұңғышы емеспін. Менің алдымда 78 жылғы және 80 жылғы екі ағам шетінеп кеткен. Біреуі екі жасында, біреуі алты айлығында кеткен. Содан кейін мен дүниеге келдім. Мен де өте аурушаң болып туғанмын. Дәрігерлер ақ матаға орап, адам болмайды деп шығарып салған. Жолда келе жатқанда такси жүргізушісі бір емшінің бар екенін айтып, соған апарған. Көп адамның арасынан өтіп, кезек күтпей кіргізген. Емші атамыз 40 күн, 40 түн дем салып, мені емдеп жазған. Одан кейін үш сіңлім дүниеге келді. Осы күнге дейін бірде бір рет әке-шешемізді жерге қаратқан емеспіз. Бәлкім, ұл болғанда түрлі бұзық әрекет жасап жүрер ме едік. Бәрі емес, кейбір шаңырақтың ұлдары жақсы”, – деді Жұлдызай Дүйсенбиева.
Еске салайық, актриса күйеуінің сөзі бедеуліктен емдегенін айтқанын жазған едік.