Енді әлеуметтік желілер мен маркетплейстер Қазақстанда тіркеліп, филиал ашуға міндеттеледі

Фото: freepik.com
Қазақстанда ірі онлайн-платформалар әлеуметтік желілер, видеохостингтер, маркетплейстер елде ресми өкіл ретінде тіркеліп немесе филиал ашуға міндетті болады. Ал заң бұзса, оларға бақылау жасап, шектеу қолдануға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңға енгізілетін түзетулер "Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы" заңның 9-бабын өзгертеді. Енді Қазақстанда қызмет көрсететін платформалар елде тіркелген заңды тұлға болуы керек. Заң жобасында былай көрсетілген:
"Республика аумағында қызмет көрсететін онлайн-платформа филиал немесе өкілдік тіркеуге міндетті"
Бұл дегеніміз, ірі шетелдік қызметтер әлеуметтік желілер, видеохостингтер, мессенджерлер, маркетплейстер Қазақстанда жұмыс істеу үшін ресми офис немесе өкілдік құрылым ашуы тиіс. Түсіндірме жазбада айтылғандай, ірі платформалардың заңды өкілі жоқ болса, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу және заңды орындау қиынға соғады. Филиал тіркеу мыналарды қамтамасыз етеді:
- платформалардың Қазақстан заңын орындағаны үшін заңды жауапкершілігі;
- мемлекеттік органдардың сұраныстарына жылдам әрекет ету;
- заңсыз контентті өшіру бойынша нақты орындалатын шаралар.
Заң жобасы 8-бапты кеңейтіп, уәкілетті органға платформаларды бақылау құқығын береді. Жаңа екі тармақ енгізіледі:
- онлайн-платформалардың қызметін бақылау ережесін бекіту;
- платформаларға қолжетімділікті шектеу ережесін бекіту.
Яғни, мемлекет платформалардың заңсыз контентті өшіруін, мемлекеттік органдардың өтініштеріне жауап беруін, жасқа байланысты шектеулер мен контент белгілеуді сақтауын және аноним аккаунттар туралы ақпаратты ашуын тұрақты қадағалай алады.
Заң тек жалпы шеңберді белгілейді: мониторинг заң талаптарының орындалуын және бұйрықтардың бақылауын қамтамасыз етуі тиіс Мониторинг ережелері тағы бір түзетумен платформаларға қолжетімділікті шектеу механизмімен (24-бапқа қосымша) байланысады.
"Егер онлайн-платформа бұйрықтарды орындамаса. Оған қолжетімділік шектеледі", – делінген жазбада.
Яғни, мониторинг заң бұзушылықтарды анықтап, бұйрықтар беруге және олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Талаптар барлық онлайн-платформаларға қатысты:
- әлеуметтік желілер;
- видеохостингтер мен стриминг қызметтері;
- іздеу платформалары;
- маркетплейстер мен сауда платформалары;
- пайдаланушылар контентін беретін қызметтер.
“Бұл түзетулер мемлекет пен онлайн-платформалар арасындағы өзара әрекеттесудің бірдей ережесін орнатып, ірі халықаралық сервистердің ашықтығы мен жауапкершілігін арттырады. Бюджетке қосымша шығын келтірмейді және әлеуметтік-экономикалық жағынан теріс салдар тудырмайды” , – деп жазылған.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді