Денсаулық сақтау министрлігі еңбекке жарамсыздық парағын электронды форматқа ауыстыра алмай жүргеніне 6 жыл болды
Жақында Қазақстанда еңбекке жарамсыздық парағы мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы электронды форматта берілетіні айтылды. Алайда бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл мәселенің 2019 жылдан бері айтылып, әлі күнге дейін жүзеге асырылмай келе жатқанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Сайттан скрин
Елжан Біртанов Facebook парақшасында еңбекке жарамсыздық парағы электронды форматта берілу жоспарланып отыр деген ақпараттың алғаш рет 2019 жылы шыққанын мәлімдеді.
Кейіннен, тағы да 2023 жылдан бастап еңбекке жарамсыздық парағы электронды форматта беріледі, деген ақпарат тараған. Араға екі жыл салып бұл тақырып тағы да көтерілді. Экс-министр Біртанов мұны "маңызы қалмаған нәрсе" деп атады.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінен цифрландыру неліктен ұзақ уақытқа созылғанын және нақты қашан іске қосылатынын сұрап білді.
Министрлік мәліметінше, өзгеріс жалған медициналық құжаттарды қысқарту мақсатында енгізілді.
"Қазір медициналық анықтамаларды "қосып жазуды" болдырмау және жалған медициналық құжаттарды қысқарту мақсатында еңбекке жарамсыздық парағын беруді алып тастау бойынша өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл өзгеріс енгізілсе, еңбекке жарамсыздық парақтары электронды түрде беріледі”, – делінген хабарламада.
- Денсаулық сақтау министрлігі уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеуге 50 миллион теңге жұмсамақ
Сондай-ақ министрлік 2022 жылдан бері электронды форматқа көшу бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтты
“2022 жылы министрлік электронды еңбекке жарамсыздық парағын қабылдау бойынша техникалық жұмыс жүргізді. Одан кейінгі 2 жылда медициналық ұйымдар мен халық арасында еңбекке жарамсыздық парағын пайдалану мүмкіндігі туралы талқылады. Сондай-ақ еңбекке жарамсыздық парағын қалыптастыратын барлық медициналық ақпараттық жүйелерді қосу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жабылған электронды еңбекке жарамсыздық парақтарының саны 2024 жылы 3,1 миллионнан асады", – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі еңбекке жарамсыздық парағы мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағын цифрландыру жүйесі 2025 жылы нақты іске қосылатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді еңбекке жарамсыздық парағы мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы электронды форматта берілетіні айтылған еді.