Еңбек министрі жұмыс істейтін зейнеткерлерді әзірге зейнетақыдан айырмайтынын айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетке шығып, бірақ жұмыс істеп жүрген азаматтарға зейнетақы әрі қарай төлене беретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында Светлана Жақыпова әзірге жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақының толық төленетінін мәлімдеді.
"Өткен жұмада Еңбек ресурстарын дамыту орталығында БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткіздім. Бұл сауал сол кездесуде қойылды, бірақ менің жауабымнан контексті жұлып алған. Мен зейнетке шығудың 2 тәсілі барын яғни ерте және кеш шығу және бұл әзірге ұсыныс екенін айттым. Бұл ұсыныс қазір зейнетақы алып отырған азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Олар қалай зейнетақысын алды, қалай жұмыс істеп отыр, солай әрі қарай жалғаса береді", – деді Светлана Жақыпова.
Министрдің айтуынша, бұл ұсыныс Үкіметтің қарауына әлі енгізілмеген.
"Қазір болжам жасап, еңбек нарығын қарастырып отырмыз. Биыл еңбек нарығына 300 мың жас келді. Оларға жұмыс орындары да керек. Сондықтан сарапшылар осындай ұсыныс беріп отыр", дейді министр.
Еске салайық, бұған дейін депутат Асхат Аймағамбетов еңбек министрін жұмыс істейтін зейнеткерлерді зейнетақыдан айыруы туралы ұсынысынан кейін сынға алған еді.