Еңбек министрі мүгедектерге арналған жәрдемақы туралы заңдағы сегіз өзгерісті түсіндірді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді таныстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек министрі өз сөзінде Заң жобасы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде әзірленгенін атап өтті. Құжат Парламент мәжілісі мен сенатының жұмыс топтары мүшелерінің, үкімет жанындағы мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылық пен сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарына негізделді.
Заң жобасы 75 заңнамалық актіге, оның ішінде 10 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
"Заң жобасы: БҰҰ Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының заңнамадағы кемсітушілік терминдерді жою жөніндегі нормаларын имплементациялау; мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру; мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруды ынталандыру және олардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау; табысы аз отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер мен инватакси алуға құжаттар ресімдеу (2023 жылдан бастап) мақсатында әзірленді. Сондай-ақ, құжат "еңбек ардагері" санатын кеңейтуді және еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің кепілді деңгейін белгілеуді көздейді", – деп хабарлады Серік Шәпкенов.
Заң жобасында мынадай жаңалықтар бар:
Бірінші. Мүгедектіктің себебіне қарамастан I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізу. Осы жәрдемақымен 24 мыңға жуық адам қамтылатын болады.
Екінші. 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу ұсынылады және оларға жәрдемақылардың мөлшері ұлғаю жағына қарай қайта қаралатын болады. Шара 31 мыңнан астам адамды қамтиды.
"Бұл норма Ресей Федерациясының заңнамасы бойынша мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын Байқоңырда тұратын мүгедектігі бар балаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне, ал Қазақстан заңнамасы бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне де оң әсер етеді", – деп атап өтті министр.
Үшінші. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Шара 2 мыңға жуық мүгедектігі бар балаға қатысты болады.
Төртінші. Халықаралық тәжірибені ескере отырып (Жапония, Германия, Франция) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындаудың баламасы ретінде 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады.
"Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге: арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға; мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қажетті дағдыларға оқытуды ұйымдастыруға; әлеуетті жұмыс берушілерде мүгедек адамдардың ақы төленетін тағылымдамаларын ұйымдастыруға бағытталатын болады", – деп түсіндірді Серік Шәпкенов.
Бесінші. Еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдардың алдында жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда оларға мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету ұсынылады.
Алтыншы. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың кәмелеттік жасқа толғаннан кейін және бала I және II топтағы мүгедек мәртебесіне көшкеннен кейін де мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығы сақталатын болады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына кезектілікті сақтауға мүмкіндік береді.
Жетінші. Еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасының кепілдік берілген деңгейін (республикалық бюджеттен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша осындай ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде) белгілеу.
Сегізінші. Мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту, бұрын мүгедектігі бар баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін ескерілді. Бұл норма мүгедектігі бар балалардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі. Ол жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындауға оң әсерін тигізеді.
"Жалпы, Заң жобасында баяндалған нормалар мүгедектерді әлеуметтік қолдау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін қоса алғанда, мемлекет тарапынан базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көрсетеді. Заң жобасын қабылдау бюджет қаражатын қосымша бөлуді қажет етпейді, шығын нормалары 2021 – 2023 жылдарға 55,4 млрд теңге көлемінде бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылатын болады", – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.