Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

16-35 жас аралығындағы жастарға мүмкіндік: Алматылықтар маусымдық жұмысқа қалай орналаса алады

2005 жылдан бері елімізде "Жасыл ел" уақытша маусымдық жұмысқа орналасу жобасы жұмыс істейді. Соған сай барлық аймақта жаз айларында жастарды жұмысқа қамтып, экологияны сақтау шаралары жасалады. 18 жылдан бері жоба бойынша 250 мыңнан астам адам қамтылған. Алматы бойынша “Жасыл ел” жобасының менеджері Зухра Иманбаева жоба мақсаты мен жастарды қоғамдық өмірге, белсенділікке тартудағы жолын айтып берді.

“Жасыл ел жобасы” мектеп жасындағылар мен студенттерді, сондай-ақ жұмыссыз жастарды қызметке тартып, экологиялық шараларға тартуға бағытталған. Жоба маусымнан тамызға дейін жалғасады. Зухра Иманбаеваның айтуынша, Алматы қаласында осы қызметке Алматыдағы 14 пен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматы қатыса алады. 

“Кәмелетке толмаған балаға жұмысқа орналасу үшін ата-анасының рұқсаты қажет, жасақтағы әрбір адам еңбек шартын жасасады. Содан кейін жеке куәлігі және жалақысы аударылатын "Қазпоштаның" шоты қажет”, – деді Алматыдағы жоба жетекшісі.

Жастарға айына 70 мың теңге жалақы беріледі, олар бес күндік жұмыс аптасында 40 сағат жұмыс істеуі тиіс. Маманның айтуынша, қазіргі таңда 1500-ден астам алматылық жас жасаққа мүше болуға өтінім берген. Маусым айының жасағында 16-35 жас аралығындағы 700-ден астам адам қызмет етіп жатыр.

Олар қаланы көгалдандыру, жинау және абаттандыру жұмыстарын орындайды, ағаш отырғызады. Қандай іске жауапты екені еңбек шартында жазылатын көрінеді.

Зухра Иманбаева мұнда жастардың Отанға деген патриотизмі оянатынын және табиғат алдындағы жауапкершілікті көбірек сезіне бастайтынын айтты. 

“Жасыл ел” жастардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге көмектеседі. Себебі жастар жазғы демалыста жұмысқа тұрып, өз беттерімен ақша тапқысы келеді. Бірақ көп жағдайда олардың еңбек құқығы сақталмай жатады. Ал мұнда олар еңбек шартын жасасып, заңды түрде қызмет ететіндіктен, бәрі қауіпсіз. Оларды қоғаммен байланыстырып, түрлі акциялар мен тренингтерге қатысуына мүмкіндік беріледі”, – деді ол. 

Жоба барысында "Жасыл ел" еңбек жасақтары қаланы көгалдандырумен қатар, экологиялық семинар тренингтерге, қалалық, республикалық сенбіліктер мен экоакцияларға қатысып, балалар үйі мен қарттар үйіне де барады екен.

“Осы бағдарламаға моральдық-этикалық мақсаттар да қамтылған. Бұл жер тек бір тал егіп, сол үшін ақша алатын жұмыс қана емес, ұжымдық рухты да оятып, жастарға ой салғанын, уақыттарын тиімді өткізгенін қалаймыз”, – дейді маман.

Cонымен қатар жасақшылар арасында экопатрульдер құрылған. Олар қала аумағы, тау және өзен маңында рейдтар жүргізіп, демалушылардың өзінен кейін табиғатты ластамауын қадағалайды және экологиялық құқық бұзушылық фактілерін анықтайды.  

Талқылау