Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мүгедек баласы бар әйел 5 миллион теңге берген": Шетелден жұмыс тауып бeру туралы TikTok-тағы жарнамаға алданған қазақстандықтар шағымын білдірді

Желіде "Ұлыбританияда құлпынай теріп, Аустралияға барып дән ексең айына 2-3 мың доллар береміз" деген секілді жарнамалар өріп жүр. Осындай жарнамаға алданған қазақстандықтар шағымын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Шымкенттік Гүлбану Әділбаева елде алатын жалақысы жетпеген соң шетелге барып жұмыс істемек болған. Жалғызбасты ана шетелден жұмыс тауып беремін деген жарнаманы TikTok желісінен көрген екен. 

“TikTok желісінен көріп, жарнама жасаған кісіге сендік. Ол өзі намаз оқимын,  Мекке-Мединаға барғанмын, Аустралияға жіберуге көмектесемін деп айтты. Ол жақта жалақың 1 миллион 500 мың – 1 миллион 800 мың теңге шамасында болады деді. Бастапқыда 400 мыңнан бересіңдер деді. Кейін визаны алып болған соң 1,5 миллион теңге бересің деп айтты. Виза 1-3 ай арасында дайын болады деді. Біз ақшасын бердік, одан 20 күн өткен соң қайта хабарласып, “бұл болмайтын болды, студенттік визамен тапсырасыздар. Осы визамен тапсырсаңыздар 2 миллионнан аса ақша табасыздар” деді”, – дейді әйел. 

Әйел виза қолына тимесе де, телефонның арғы бетіндегі жігітке беретін 1,5 миллион теңгені несиеге алыпты. Алайда үйіп-төгіп уәде берген жарнама жасаушы сол күй жоқ болған.

Фото: Видеодан скрин

“Қазір алданған 30 шақты адам бар. Ең үлкен сумма 3 миллион теңге бергендер бар. Олардың арасында жағдайы жоқ, балалары мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. 400 мың теңге берген 2-3-ақ адамбыз. Ал виза жасап берген соң 1,5 миллион бересіңдер деді”, – дейді әйел. 

Аустралияға барып табыс таппақ болған көпшілікті сан соқтырып кеткен адамның әлеуметтік желіде demeu.tour деген жеке парақшасы бар. Ол аккаунтқа 12 мыңнан астам адам тіркелген. Ал бұл аккаунтты Демеу Тарих есімді азамат жүргізеді. Ол адамдарды шет елге шақыратын видеоларының бәрін Кореяда түсірген. Тіпті бұл азамат 2023 жылы Оңтүстік Кореядан Қазақстанғак көлік жеткізумен айналысқан көрінеді. Дегенмен оның видеосын астына жазылған пікірлерде бұл адамның алаяқ екенін бірнеше желі қолданушысы жазып кеткен. 

Фото: Видеодан скрин

“Үйде 11 адамбыз, отбасын асырау үшін шетелге барып, жұмыс істегім келді. Кореяға қарындасымызды оқуға жібергенбіз. Ол сол жақта жүріп сол Демеумен танысқан. Сенімді адам болған соң TikTok әлеуметтік желісінен тауып, жаздық. Жарым екеуімізге медициналық виза жасап беремін деді, алайда ол да жасалмады. Алаяқ екенін кеш білдік. Тіпті 2,5 миллион теңгемізді аударып та үлгерген едік. Ақша қайтарған жоқ. 2 ай ішінде медициналық визаны дайындап беремін, дайын болмаса ақшаны 3 айда қайтарып беремін деген. Полицияға арыздандық. Олар халықаралық іздеу салдық деп айтты. Бізде алданған 30 адам бар. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар кісі 5 миллион теңге берген“, – деді атыраулық Мақсат Байдулла. 

Ал қазақстандықтарға виза алып беремін деген Демеу Тарих өзін де біреулердің алдап кеткенін айтты. 

Негізі адамдардың шағымданып жатқаны рас. Бұған дейін виза алып беріп жүргенмін. Ал маған виза алып беремін деген адам мені лақтырып кетті. Мен де елдегі адамдарға виза алып бере алмай, ақшаларын қайтара алмай қалдым. Қазір мен Бразилияда жұмыс істеп жатырмын. Қазір Мексика, Америка елшіліктерімен жұмысқа тұрғызу бойынша виза жасауға келісім шарт жасастық. Қазір халықтың маған сенімі кетіп қалды. 1 ай ішінде менде ақша болады сол кезде қайтарып беремін. Қанша қайтаруға әрекет жасасам да ол кісілер шу көтеріп, маған деген халықтың сенімін сөндіріп тастады. Сол себепті дәл қазір ақша таба алмай жатырмын”, – деді Демеу Тарих.

Ал Атырау облысы полиция департаменті бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. 

“Қазіргі таңда Атырау облысы полиция департаментінде азаматтарды виза алып беремін деп алдап, 1996 жылғы күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта төрт жәбірленушінің арызы бар. Өзге де жәбірленушілер анықталып, келтірілген материалдық шығын құнын шығару мақсатында кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Талқылау