Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең қарт адам 142 жасында өмірден өтті

Ең қарт ер адам қайтыс болдыФото: TSViPhoto / Shutterstock / Fotodom

Сауд Арабиясында елдің ең қарт тұрғыны саналған Насара бин Радана әл-Рашид әл-Уадаи дүниеден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qatar Tribune-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, ұзақ жасаған қария XIX ғасырдың соңында дүниеге келген және әмірліктердің біртұтас корольдікке бірігуіне куә болған. Әл-Уадаидің қайтыс болуына ұзаққа созылған сырқат себеп болған. Туыстарының айтуынша, ол 142 жасқа келген, артында 134 ұрпағы қалған. 

Саудиялық қария мемлекеттің негізін қалаған король Абдулазизден бастап, Сауд әулетінің барлық монархынан ұзақ өмір сүрген. Аль-Уадаиді соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне әд-Джануб аймағындағы Дахран қаласында жеті мыңнан астам адам жиналды. Қажылықты 40 реттен астам орындаған ер адам үш рет үйленген. Оның үшінші жұбайы онымен 30 жыл бірге өмір сүріп, өзі де жүз жастан асқан.

Туыстары Аль-Уадаидің денсаулығын қатаң тәртіп пен елдің оңтүстігіне тән дәстүрлі тағам үлгісімен байланыстырған. Қоштасу рәсімінен кейін ол өзінің тарихи отанында – әл-Рашид өңірінде жерленді.

Аль-Уадаи Сауд Арабиясындағы ең қарт адам саналғанымен, оның нақты жасы туралы ресми растама жоқ. Қазіргі таңда әлемдегі ең қарт ер адам атағы бразилиялық Жоао Мариньо Нетоға тиесілі – биыл ол 113 жасқа толды. Ал тірі жүрген ең қарт әйел – Ұлыбритания азаматы Этель Катерхэм. Ол 21 тамызда 116 жасқа толды.

Ал өмір сүру ұзақтығы бойынша абсолютті рекорд – 122 жыл 164 күн – француз әйелі Жанна Кальманға тиесілі. Алайда бұл әйелдің орнына ұзақ жылдар бойы оның қызы өзін сол адам ретінде таныстырған болуы мүмкін деген күдік те бар.

Айта кетейік, бұған дейін әлемдегі ең ауыр ер адам қайтыс болғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 22:35