Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ерлермен тең дәрежеде сынға түстік – Дубайда күштік құрылым жарысында ел намысын қорғаған қыздар жасағының мүшесі

Дубайда өткен UAE SWAT Challenge арнайы жасақ бөлімшелері арасындағы халықаралық турнирде қазақстандық "Томирис" қыздар жасағы 2-орын еншіледі. Команда мүшесі, арнайы жедел әрекет ету бөлімшесінің командирі Балнұр Қиялбекова Stan.kz тілшісіне жарысқа қалай дайындалғанын айтып берді. Оның айтуынша, қыздар ерлермен қатар иық тіресіп, дүбірлі додаларда ел намысын қорғай алады.


Фото: Stan.kz | “Томирис” жасағының мүшесі Балнұр Қиялбекова

"Ерлермен тең дәрежеде сынға түсу оңай болмады"

Халықаралық жарысқа қатысқан "Томирис" командасы – рухы мықты жауынгер қыздардан құралған топ. Олардың қатарында Жамбыл облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, самбодан әлем чемпионатының жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Балнұр Қиялбекова бар. Балнұр Қиялбекова ерлермен қатар иық тірестіріп, кәсібилігі мен ептілігінің арқасында көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

"Томирис құрамасымен бірге тағы 6 команда сынға түсті. Біз үшін бұл алғашқы сайыс болса да, намысты қолдан бермедік. Жарысқа 3 ай бойы Астанада дайындалдық. Бізді арнайы "Сұңқар" жасағының нұсқаушылары жаттықтырды. Нұсқаушылар әр сайыстың тактикасын егжей-тегжейлі үйретті. 2024 жылдың қазан айынан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінен үздік қыздар іріктеліп, 8 жауынгер қыз таңдалды. Дайындық оңай болған жоқ – күніне екі мезгіл жаттығу жасадық. Топтың атын “Томирис” деп өзіміз таңдадық. Себебі сақ патшайымы Томирис жауынгер әйелдер тайпасын құрып, елін жаудан қорғаған. Біз де оның ерлігі мен қайсарлығына сай болуға тырысып, осы атауды лайық деп санадық", – деді Балнұр Қиялбекова.

Балнұр Қиялбекова жарыс барысында үлкен төзімділік қажет болғанын айтты. Қыздар жасағы 120 келі тартатын зілдей дөңгелікті 30 метр жерге көтеріп апарған. Егер дұрыс тастамасаң, айып ұпайы беріледі деді Балнұр. Полиция капитанының айтуынша, дүбірді додада ерлермен тең дәрежеде сынға түсу оңай болмаған.

"Бұл сайыс біздің жауапкершілігімізді одан әрі күшейте түсті. Себебі бізге қандай тапсырма берілсе де, оны орындауға міндеттіміз. Ең қиын сәттер жарыстың соңғы күні болды. Бұл күні біз "қозғалмалы қабырға", "барабан", "аспалы турник" және "судан шығатын жаттығулардан" өттік. Қанша ауыр болса да, командамыздың бірлігі мен тактикалық дайындығының арқасында барлығын еңсердік. Сондықтан жарыс біз үшін оңай болмағанымен, күнделікті жаттығудың арқасында физикалық тұрғыдан дайын болдық. Егер келесі жылы тағы шақырса, қуана қатысамын!" – деді арнайы жедел әрекет ету бөлімшесінің командирі.

Фото: Балнұр Қиялбекованың жеке архивінен

Балнұр Қиялбекованың айтуынша, Қазақстанның атынан мұндай ауқымды жарысқа қатысу – үлкен жауапкершілік. 

"Бұл – жеке басыңның ғана емес, тұтас елдің намысын қорғау деген сөз. Мұндай сайыстарға қатысу патриоттық сезімді арттырып қана қоймай, өз еліңе деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті одан әрі күшейтеді. Жеңіс сәтіндегі эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол – мақтаныш, қуаныш, толқу. Тіпті көзге еріксіз жас үйіретін ерекше сезім. Кәсіби дайындықта әйелдерге төзім, шыдам, қайсарлық және салқынқандылық қажет. Егер физикалық тұрғыдан мықты болып, эмоцияға беріліп кетсең, өзіңді жоғалтып алуың мүмкін. Сондықтан психологиялық тұрақтылық та аса маңызды", – деді Балнұр Қиялбекова.

Қызмет пен жеке өмірді қатар алып жүру оңай емес дейді Балнұр Қиялбекова. Спорт шеберінің сөзінше, тәртіп пен жоспар бәрін жеңілдетеді. 

"Күн сайын таңертең жүгіру, гимнастика жасау, дұға оқу – қалыптасқан дағды. Жұмысымнан кейін отбасыма уақыт бөлу – ең маңызды нәрсе. Спортшы ретінде диета, дұрыс ұйқы режимі және жаттығу – мен үшін өмір салты. Себебі спорт денені ғана емес, ой-санаңды да шыңдайды", – деді Балнұр.

Фото: Балнұр Қиялбекованың жеке архивінен

Ел үшін қызмет ету – басты мақсатым

Полиция капитаны өзі үшін ең үлкен мотивация – әкесі екенін ерекше атап өтті. 

"Бізді бала кезімізден спортқа баулыды. Отбасымызда 3 ұл, 2 қызбыз. Ағам – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, өзім де дзюдодан және самбодан спорт шеберімін. Үш бауырым да спорт шеберіне үміткер. Әкем 60 жасында да жүгіреді, гимнастика жасайды. Анам да кезінде волейболмен айналысқан. Спортқа жақын отбасында өскендіктен, осы жолды таңдадым. Ең маңыздысы – Отанға адал қызмет ету. Қандай қиындық кездессе де, елімнің намысын қорғау – менің парызым", – деді Балнұр Қиялбекова.

Балнұр Қиялбекова қазір әлеуметтік желіде өздері туралы түрлі мақтау видеолар таралып жатқанын біледі. Бұған Балнұр салқынқанды қарайтынын ескертті. 

"Қазақ елі өз батыр қыздарын білуі керек деп ойлаймын. Бізден кейінгі ұрпақ бізден үлгі алып, қайсарлық пен батылдықтың мәнін түсінсе, бұл біз үшін ең үлкен жетістік болады", – деді Балнұр.
Талқылау