Елорда дәмханаларында ит етінен жасалған тағамдарды жасырын сатады
Елорда кафелерінде ит етінен тағам жасайтыны рас па? Олар итті қайдан алады? Дінімізде ит еті неге арам саналады? Арнайы зерттеуді шолып көріңіз.
Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Қаңғыбас иттер қайда кетеді осы? Басқасын қайдам, бас қалада көше кезіп жүрген иттер некен саяқ. Себебі төрт аяқты жануар көшеде артық адым жасаса болды, әлдекімдер қағып әкетеді.
Бұл біздің болжам емес, білгенімізді айтып отырмыз. Жаңағы жоғалған иттерің сәл уақыттан, буы бұрқырап сорпа болып алдыңызға тартылуы бек мүмкін. Тек тапсырыс берсеңіз болғаны.
"Біздің бүгінгі съемкамыз ерекше болмақ! Және тең жартысы мына камераға түсіріледі. Жасырын түрде! Ұзынқұлақтар бүй дейді. Елордада иттің етінен заңсыз түрде тағам әзірлейтін дәмханалар көбейіп кетіпті. Соның бірін біз әріптестермен көріп қайтпақпыз.
Межелі жерге жеттік. Мен бірден қолға ас мәзірін алып, керегімді көзбен іздей бастадым. Өкініштісі, таппадым.
Мәзірде иттің еті туралы бір ауыз сөз айтылмаған. Іштей, қап жалған ақпар алған екенбіз деп біраз қынжылдым. Бірақ, сонда да сұрап білуді жөн көрдім!, - дейді тілші.
-Сіздерде иттің майынан бірдеңе бар ма мұнда?
- Иттің сорпасы немесе қуырылған еті бар!
-Ұзақ әзірлейсіздер ме?
- 7 минут!
- Мен ас мәзірінен таппадым ғой?
-Онда жоқ ол!
"Сөйтсек бұл кафенің қазанында шынымен де иттің еті қайнайды екен. Журналистік зерттеуімді жалғастыру үшін арнайы тапсырыс бердім.
Біздің тапсырысымыз келді. Исі кәдімгі қойдың етінің исіндей.
Еті болса сиырдікіне келіңкірейді. Енді дәмін көрмекке бел буып ем.
Қазір дәмін көремін. Мен көре алмаймын мынаның дәмін!
Жүрегім көтеріліп қоя бергені бар ма? Бірақ, амалым қанша. Миссиямды аяқтау керек.
Ал бұл менің екінші талпынысым, бүкіл күш жігерімді жиып. Тауықтың сорпасына ұқсайды екен, бірақ майлы", - дейді Айдана Үсенбай.
Иә, сөз жоқ. Бұл менің өмірімдегі ең қиын журналистік зерттеуімнің бірі. Көкейде бірден сан-сауал туындады. Әуелгісі, мына иттің етін қайдан алып отыр?
- Етті қайдан аласыздар? Таза ма?
-Әрине, таза! Арнайы тапсырыс беріп алдыртамыз ғой!
Егер таза болса, онда неге ас мәзірінде жоқ. Оны қойшы, жалпы таза дейтіндей елде арнайы азықтандырып ит өсіріп отырған ферма көрмеппіз. Сонда бұл әрекетті заңсыз дей аламыз ба?!
"Бізде заңдық тұрғыда иттің етін пайдалануға тыйым салынған. Өйткені сиырдың, қойдың, я жылқының еті сияқты рұқсат қағазы жоқ. Ол, жабайы жануар, жыртқыш", - дейді қараусыз жануарларға арналған орталық жетекшісі Владимир Тепляков.
Бірақ соған қарамастан бизнес жасырын түрде қыз-қыз қайнап жатыр. Дәмханадағы бұл еттерді кім, қайдан, қалай алып келді бір құдай біледі енді. Бірақ болжамдар бар. Әуелгісі төртаяқтыларды жеке ит аулаушылар арнайы ұстап, сосын пұлдап жібереді.
"Мен өткен жылы бір оқиғаның куәгері болдым!. Бес адамы бар жүк көлігі бір үйдің итін ілмекке салып дуалдың астынан шығарып жатыр. Жетіп бардым. Сендер не істеп жатсыңдар дегенім сол еді, тырқырай қаша жөнелді. Біз бірден учаскелік полицейімізге арыздандық. Ешкім, ештеңе істеген жоқ!", - деді Владимир Тепляков. Ал, екінші кінәлі тарап, ол өзіміз.
"Бұл иттер иен далада өздерімен өздері пайда бола қалған жоқ қой. Адамдар оларды өздері тастайды. Мысалы қараңыз, біреудің бір иті бар. Ол жылына 2 мәрте күшіктейді. Ол оны алады да лақтырып жібереді. Немесе суға батырады. Айналайын, бір мәрте ота жасатшы итіңе. Болды, мәселең шешіледі", - дейді жануарлар қорғаушысы Джоя Қумар.
Себептері осы. Енді салдарына ойыссақ. Жалпы Корей медицинасында бір тәмсіл бар! Иттің еті түрлі ауруға ем деген.
"Егер біз арнайы тағам үшін өсірілген иттің еті туралы айтатын болсақ, онда ол әлемнің біраз елдерінде қолданылады. Мысалы, Азия, Комбоджо, Конго. Осы тұрғысынан алсақ, ия мұндай иттердің еті пайдалы әрине. Өйткені, нәруызға бай! Егер сиыр мен иттің етін салыстырсақ иттің етінде холестерин анағұрлым аз", - деді интегративті медицина маманы Әмина Арапова.
Ал, ғылымға сүйенсек...
"Ерте кезде бізде Қытай медицинасы дейді ғой, жалпы алғанда халық медицинасынан кейін таралған. Осы медицинада иттің еті және де майы туберкулезге және де малерия қазіргі кезде Африка елдері мен Орта Азияда малерия көп таралған. Сол ауруларға ем деп келеді негізі. Бірақ, ол 100 пайыз дәлелденбеген", - деді дәрігер эпидемиолог Меруерт Оразова.
"Иттен әр түрлі аурулар пайда болуы мүмкін адамға. Мысалы көптеген паразитарлық аурулар. Оның ішінде эхинококкоз деген ауру. Ол иттің ішегінде кездеседі. Итті сойған кезде, адамның қолы арқылы етке түседі де. Еттен әрі қарай, егерде етті толық өңдемеген кезде, яғни етті біз кемінде 4 сағаттан кем емес өңдеуіміз керек. Сондықтан өңдемеген жағдайда эхинококкоздың ішек ауруы пайда болады. Ол жаңағы адамға ет арқылы түсіп бауырға әсер етеді. Бауырда құрт пайда болады, лечинка дейміз, көптеген бауыр ауруы пайда болуы мүмкін", - деді Меруерт Оразова.
Осы себепті болар, шариғатта да бұл жануардың етін жеуге қатаң тыйым салынған!
"Итті жеуге тыйым салынған себебі медицина тұрғысынан адамның денсаулығына, өміріне зиян болғандықтан шариғат оған тиым салған. Бекерден бекер адамды, мұсылманды қинау мақсатында емес керісінше адамның өміріне, ұрпағына кері әсер беру ықтималдығы бар болғандықтан біз оны жемейміз. Өйткені иттің жейтін тамағының өзі нәжіс болып табылады. Ит өздеріңіз білесіздер сүйек-саяқты, нәжісті жейді. Оның қоғамда орны да бар бір жағынан. Ит нәжісті жегендіктен қоғамның кейбір нәжісі, өлекселері тазарады. Алла тағала бекерден бекер жаратпаған ғой", - деді "Нұр-Астана" мешітінің ұстазы Ілияс Отаров.
Соған қарамастан иттің етін жеген қазақты да көрдік қой. Қысқасы осындайлардың бәріне қарап, ит екенсің деп айтқың-ақ келеді. Бірақ ауыз бармайды. Өйткені естіп қойса, иттен де ұят қой.