Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лас дүниеге әуес халық": Қазақстандықтар ресейлік блогерге бойкот жариялады

бойкотФото: https://www.instagram.com/elle_happy_mom

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар 2,1 млн оқырман жазылған парақшасында Қазақстан халқын қорлайтын пікірлер жазған ресейлік блогер Эльмира Ілиясоваға (elle_happy_mom) бойкот жариялады. Желі қолданушылары жаппай наразылық білдіріп, блогердің парақшасына шағым түсіріп жатыр. Сондай-ақ олар еліміздің тиісті мемлекеттік органдарын жағдайға назар аударып, шара қолдануға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дау неден басталды?

Даулы оқиға Instagram желісінде басталды. Блогердің “Сұрақ-жауап” айдарында қазақстандық әйел қомақты қаржы қарызын күйеу жігітіне айтуға қорқатынын, ал өзі жүкті екенін айтып, ақыл сұраған. Бұған блогер:

“Кешіріңіз, әрине, бірақ Қазақстанда қашаннан бері қыз баланың тұрмысқа шықпай жатып жүкті болуы қалыпты жағдайға айналған? Сіздер мұсылман елі емессіздер ме? Иә, мұндай жағдайлар барлық жерде кездеседі, бірақ сіздерде бұл тым жиілеп кеткен сияқты, тіпті үйреншікті жағдайдай көрінеді. Ұялыңыздар, күнәларыңызды жасырыңыздар”, – деп жауап берген.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде жылдам тарап, қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Қолданушылар оған Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін түсіндіруге тырысқанымен, Эльмира Ілиясова түгел ұлтты қорлауға көшкен.

Переписка скриншот

Фото: https://www.instagram.com/elle_happy_mom

Бұған қоса оның Қазақстан әйелдерін және жалпы ұлтты қорлайтын бірнеше өзге пікірі де тарады.

"Қазақстанның әйелдері, оранғанына қарамастан, некеге дейінгі серіктестерінің көптігімен және қарыздарының көлемімен мақтануды қалыпты жағдай деп санайтынын енді түсіндім. Мұны маған өздеріңіз ренжу арқылы дәлелдеп отырсыздар. Енді біліп жүретін болдым, рақмет", – деп жазған ол.

Сондай-ақ блогер:

"Өмір бойы кірдің ортасында өмір сүретін халық лас дүниеге әуес келеді", – деп жазған.

Желі қолданушылары наразы

Қазақстандықтар Эльмира Ілиясованың парақшасына жаппай шағымданып, жазылудан бас тартып жатыр. Сонымен қатар, оған қарсы бойкот жарияланды. Кейбір қолданушылар жағдайды ресми түрде тексеру үшін блогердің әрекетіне қатысты E-otinish порталы арқылы шағым түсіретінін мәлімдеген.

“Эля, Қазақстан сіздің кешірім сұрағаныңызды күтіп отыр”, “Эльмира Ильясова Қазақстан туралы осылай айтыпты, оған біздің күшімізді көрсетейікші”, “Қыздар, міне, нағыз бойкот жариялау керек адам! Оның ешқашан біздің ұлтты қорлауға құқы жоқ! Қазақтарды қорлап, жаман сөз айтуға кім рұқсат берді?! Сен кімсің өзі?! Біздің қыздарды ренжітті, оған жай ғана кеңес сұраған еді, ал ол тұтас бір ұлтты кемсітіп шыға келді! Барлығы одан жазылудан бас тартсын, оның жазылушыларының 60 пайызы – қазақстандықтар! Енді ол біздің есебімізден ақша таппасын! Жетер!”, “Қазақтар сізге не жамандық жасады, Эльмира Ілиясова? Біздің қазақ жігіттерін "түкке тұрғысыз" деп, халқымызды "лас нәрсемен айналысады" деп айтуға сізге кім құқық берді? Мен оған жазылған жоқпын, бірақ оның мұндай сөз айтуға батылы жеткеніне шок болдым”, “Басқалар ашық айтады, ал Эльмира сырттай сыпайы көрінгенімен, іші жаман екен. Оның парақшасына шағым түсіру керек, себебі ол өзіне пікір жазғандарды бірден бұғаттайды”, – деп жазып жатыр олар.

Бойкот тредс

Бұл оқиға желіде дау тудырғаннан кейін блогер жазбаларына пікір қалдыруға шектеу қойған. Сонымен қатар ол ұлтты қорлайтын пікір жазбағанын, Meta платформасы оған Direct-тегі хабарламаларға жауап беруге мүмкіндік шектегенін жеткізді. 

Elle Happy Mom деген кім?

Эльмира Ілиясова – Мәскеу қаласының тұрғыны, Ташкенттің тумасы. Ашық деректерге сүйенсек, ұлты – лезгин. Бес баланың анасы. Оның Instagram парақшасында шамамен 2,2 миллион жазылушы бар. Контентінің негізгі бағыты – қазіргі қоғамдағы “исламдық құндылықтар”: ана болу, неке және өзін-өзі дамыту тақырыптары. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар бірқатар танымал жұлдыздарға бойкот жариялаған болатын. 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 12:57
Талқылау