"Елімізге ядролық қуат керек": Тоқаев үкіметке екінші АЭС салынатын орынды ұсынуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қуат туралы айта келе, үкіметке елде салынатын екінші АЭС қай аймақта болатынын ұсынуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Тоқаев елде энергия тапшылығы артып келгендіктен, алғашқы АЭС құрылысын тездету керек дейді.
“Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр станциясының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл – еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен парламент екінші ядролық станцияны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек”, – деді ол.
Мемлекет басшысы елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды деп мәлімдеді.
“Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл айдан анық", – деп қосты ол.
Айта кетейік, үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елдегі АЭС құрылысына қатысты мәлімдеме жасап, екінші АЭС салынатын орынды таңдауға қатысты талдау жұмысы жүргізіліп жатқанын айтқан.