Еліміздің ішкі істер министрлігі ресейліктерге Қазақстан азаматтығын сату туралы ақпаратты жоққа шығарды
БАҚ беттерінде ресейліктер Қазақстан азаматтығын 6500 еуроға сатып ала алатыны туралы ақпарат тарады. Еліміздің ішкі істер министрлігі осы қауесетке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Желіде ресейліктер Қазақстан азаматтығын 6500 еуроға, одан қалды бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуға болатыны туралы ақпарат тараған еді. Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Интернетте ішкі істер органдарында бірқатар көші-қон қызметтерін алу, оның ішінде азаматтыққа қабылдау, құжаттарды жинау және ресімдеу қызметтерін көрсететін компаниялардың жарнамалары жарияланып жүр", – делінген хабарламада.
Ведомство азаматтарға алаяқтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін екенін ескертті.
“Айта кету керек, бұл фирмалар азаматтықты да, жеке басын куәландыратын құжаттарды да бермейді. Осыған байланысты ІІМ осы саладағы интернет арқылы алаяқтықтың ықтимал жағдайлары туралы ескертеді. Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірушілер ішкі істер органдарына жеке өзі жүгінуге тиіс. Бұл ретте құжаттарды сенімхат бойынша немесе үшінші тұлғалар арқылы беруге тыйым салынады”, – деп мәлімдеді ішкі істер министрлігі.
Бұған дейін Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді білуге қойылатын талаптар белгіленген еді.