Елімізде Жылқы шаруашылығы институты құрылады: Президент асыл тұқымды жылқыны көбейтуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жылқы малын асылдандыру үшін Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Биыл елімізде қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мемлекет басшысының айтуынша елімізде асыл тұқымды жылқының үлесі өте аз.
"Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді. Яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн.
Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар.
Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр”, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар Қостанай жылқысы да мықты екенін алға тартты. Алайда, ол жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр екен.
“Небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет.
Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек", – деп қорытты президент.