Елімізде үш ата-ана балалары терезеден құлап кеткені үшін 11 мың теңге айыппұл төлеген
Фото: freepik.com
Ақтөбе облысының полициясы ата-аналарға баласы пәтердің терезесінен құлап кетсе, қандай жауапкершілік жүктелетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция мәліметінше, егер бала ауыр жарақат алмаса, ата-аналарға Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл бап бойынша айыппұл мөлшері — үш айлық есептік көрсеткіш (11 796 теңге).
“Жыл басынан бері осы әкімшілік құқықбұзушылық бабы бойынша үш ата-ана балалары терезеден құлап кеткені үшін жауапқа тартылды. Егер ата-аналардың салғырттығы баланың өліміне немесе ауыр жарақат алуына әкелсе, Қылмыстық кодекстің 141-бабы ( Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) және 119-бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін”, – делінген хабарламада.
Алайда қазір Ақтөбе облысында ешбір ата-ана қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Астана тұрғыны үйінің терезесінен әскери шеруді көруге тыйым салғаны үшін қорғаныс министрлігін сотқа бергені туралы жазған едік.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
