Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

30 жыл темекі шеккен науқас рак ауруына шалдыққанын айтты

Елімізде өкпе рагы өршіп тұр. Жыл сайын өкпе обырына 4 мыңға жуық адам шалдығады екен. Оның 50 пайызы осы аурудың салдарынан көз жұмады. Қаралы статистиканы жою үшін онколог мамандар ел аралауға мәжбүр, деп хабалайды КТК арнасының сайты.

Яғни, өкпенің қатерлі ісігі дендеп кеткен облыстарға арнайы барып, компьютерлік тамография арқылы тұрғындарды жаппай тексермек. Ақ халаттылар қатерлі ісік дер кезінде анықталса, науқастарды аман алып қалуға мүмкіндік зор екенін айтады.

Елуді еңсерген Әбумүтәліп Төлеуовтің онкологиялық орталықта жатқанына сегіз күн болды. Бүгінгі күнге дейін дәрігер атаулыны көрмеген оның өкпесінде қатерлі ісік бары анықталып, таяуда ота жасалды. 30 жылдан астам темекі шегетін Абумұталіп зиянды әдет залалдың туындауына түрткі болғанын айтады.

“Өмірі ауырған адам емеспін. Басты себебі  темекі деп ойлаймын. Өкпенің үстінде кішкене ісік болды. Соны алып тастады. Енді темекіден аулақ боламыз. Шекпейміз”, – деді науқас Әбумүтәліп Төлеуов.

Жалпы, елімізде жыл сайы өкпе рагына 4 мыңға жуық адам шалдығады екен. Оның 50 пайызы осы аурудың салдарынан көз жұмады. Науқастардың дені кеселді асқындырып алатын көрінеді. Онколог мамандар тұрғындардың скринингтік тексерулерге немқұрайлы қарамау керектігін айтады. Себебі, ауруға ерте диагноз қойылса, ажалдан құтқарып қалу мүмкіндігі зор.

“Кішкентай ісік болса, бір милиметр немесе екі милиметр. Сол кезде ем бастасақ, нәтиже өте жақсы болады. Науқастың өмір сапасы өте жақсы болады. Қиналмайды. Мысалы, рентген көрсетпейді қай жерде кішкентай ісік барын. КТ көрсетеді”, – дейді  онколог-дәрігер.

Сондықтан Қазақстанның бас онкологы өкпе рагы дендеп кеткен облыстарға скринингтік бағдарламаны жүзеге асырмақ. Яғни, өкпенің қатерлі ісігі өршіп тұрған Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облысына арнайы ат басын бұрып, жұмысшы мен шылым шегетін адамдарға компьютерлік тамография жүргізу жоспарланған. Себебі, төрт сатыға бөлінетін қауіпті ісік алғашқы екі кезеңде емге көнеді.

“Бұл бастама өкпе рагының алғашқы белгілері бар адамдарды емдеуге мүмкіндік береді. Ең алдымен, Өскемен қаласынан бастамақпыз.Себебі, бұл шаһарда өндіріс орындары көп. Жұмысшыларға тамография жүргізіп, сосын қатерлі ісігі бар адамдарды емдеуге кірісеміз. Егер бастама оң нәтижесін берсе, басқа да облыстарға осы тәжірибені жүзеге асырмақпыз. Басты мақсат – өкпе обырын анықтап, алдын алу. Өлім санын азайту”, – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өкпеден обыр табылып, опық жейтіндердің көбісі шылымға әуес азаматтар. Тіпті, биыл осы кесел жабысқан қыз-келіншектердің саны төрт пайызға артыпты. Ақ халаттылардың айтуынша, өкпе рагына қарсы күресті салауатты өмір салтын ұстанып, әр адам өзінен бастауы тиіс.

Тағы да оқыңыз:

Оралда қайынатасы өлтірген келінді күйеуі салонға кіргізіп, қызметкерлерден 4 сағатсыз жібермеуін сұраған

Оғыз Доғанға қарсы шыққан Бердоңғаров екеуі бірге Астанадағы сатушылардың қызметін тексеріп көрді (видео)

Сифилис жұқтырды деп кінә тағылған 23 жастағы қазақ қызы ел алдына шықты

Талқылау