Қазақстанда балалар мен ересектерді бір ортақ дәрігер қарайтын болады: Педиатрия бөлімшелері жабылып жатыр

Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған
Алматыда 6 жасқа дейінгі балаларды бұрын педиатр мамандар қарайтын. Алайда енді бұл мамандар орындарын босатып, балаларды да, үлкендерді де терапевт қарайтын болды. Бұл жаңалық қала тұрғындарының алаңдаушылығын тудыруда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Редакциямызға ата-аналардан хат келіп, педиатр мамандардың енді қабылдамай жатқаны туралы ақпаратты жеткізді.
Фото: Редакциямызға келген жазбадан
Жазбада енді педиатр мамандардың орнына терапевттер жұмыс істейтіні айтылған. Ал жабылып қалған бөлімнің қызметкерлері жұмыстан шығып жатқаны көрсетілген.
Stan.kz тілшісі осы жағдайға байланысты Денсаулық сақтау басқармасынан пікір сұрап көрді.
“Қазақстанда емханалардағы педиатриялық бөлімдер Отбасылық денсаулық орталықтарына айналды. Мұнда медициналық көмек жалпы практика дәрігерлері (ЖПД) арқылы көрсетіледі. Бұл дәрігерлер ересектерді де, балаларды да қабылдай алады”, – деді ведомство.
Басқарма мәліметінше, негізгі қағидалар бойынша бір отбасының барлық мүшесін бір жалпы практика дәрігері бақылайды. Егер бала ауырып қалса, ең алдымен сол дәрігерге қаралу керек.
Педиатр тек күрделі жағдайларда консультация үшін шақырылады:
- диагноз қою қиын болса;
- ем нәтиже бермесе;
- созылмалы немесе ауыр ауру болса;
- емдеу немесе вакцинация бойынша дау туындаса.
Педиатрдың жаңа рөлі:
- Жалпы практика дәрігеріне балалар ауруларын диагностикалау мен емдеу бойынша кеңес беру.
- Вакцинация алдында балаларды қарау.
- Мобильдік бригадамен балаларға барған кезде кеңес беру.
- Балалардың ауруларын үйлестіріп басқару және патронажды ұйымдастыру.
- Баланың дамуы кабинеті немесе ерте араласу орталығын үйлестіру.
“Педиатрға қалай қаралу керек? Алдымен жалпы практика дәрігеріне қаралыңыз. Қажет болса, ол педиатрға бағыттайды. Бұл жүйе бір дәрігер отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын біледі. Сондықтан сізге және балаларға жылдам әрі нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Педиатрдың функциялары: күрделі жағдайларда кеңес беру және диагностикалық көмек көрсету. Ал ем тиімді болмаған жағдайда ем тактикасын түзету. Созылмалы аурулары бар балаларды динамикалық бақылау. Сондай-ақ профильдік стационарлармен телемедициналық консультациялар жүргізу. Сондықтан, басқа жағдайда балаларды қабылдау жалпы практика дәрігерлері арқылы жүзеге асырылады”, – деп түсіндірді басқарма.
Ведомство тұрғындардың алдымен жалпы практика дәрігеріне қаралып, қажет кезінде оның педиатрға бағыттайтынын жеткізді.
"Сан алуанын көрген соң жігіттерге қызығушылығым мүлде жоғалып кетті": Бодимассажбен айналысқан қазақстандық қыз бастан кешкенін айтты