Елімізде ФИФА мен УЕФА-дан түскен 31 миллиард теңге легионерлерді ұстауға жұмсалып келген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифинг барысында УЕФА, ФИФА және букмекерлік компаниялардан футболды дамытуға бөлінетін қаржы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Данияр Бигайдаровтың сөзінше, кейінгі 6 жылда (2018-2023 жылдар аралығы) УЕФА, ФИФА желісі бойынша шамамен 31 миллиард теңге түскен.
“Бұл ретте осы қаражатты бөлу және жұмсау жөніндегі ақпарат қол жетімсіз болып қалады. Талдау нәтижелері өз инфрақұрылымын құрудың орнына миллиардтаған долларлық бюджет қаражаты өнімсіз легионерлерді ұстауға, шетелдік алымдарға, артық төлемдерге, қымбат агенттік және өзге де қызметтерді сатып алуға жұмсалғанын көрсетті. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысы бойынша Агенттік Туризм және спорт министрлігінің атына жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсыныстар енгізгенін атап өтеміз”, – деді ол өз баяндамасында.
Антикор мәліметіне сәйкес аталған ұсыныстардан кейін елде кәсіби спорт клубтарындағы легионерлердің үлесін қысқарту жөнінде шешім қабылданған.
“Қаражатты бұқаралық (балалар-жасөспірімдер спортына) қайта бағыттау жөнінде шаралар қабылдау, жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруды орталықтандыру, спорт, инфрақұрылым, спорттық іс-шаралар мен жетістіктер саласында айналысатын адамдар бойынша спортты қаржыландыру нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін толық деректерді қамтитын Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу ұсынылды”, – деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылатыны туралы хабарлаған едік.